«499 млн теңге жұмсалған»: Ақтөбеде салынып жатқан тубдиспансердің құрылысы аяқсыз қалды
Нысан құрылысы бес жылдан бері тоқтап тұр
Ақтөбеде салынып жатқан туберкулез диспансерінің құрылысы аяқсыз қалды. Үш жүз орындық ауруханаға қазынадан 499 млн теңге жұмсалған. Бірақ нысан құрылысы бес жылдан бері тоқтап тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Жобаның жалпы құны – 12 млрд теңге. Ғимарат құрылысы 2016 жылы басталған. Екі қабаты салынып, шатыры жартылай жабылған күйі тоқтап қалған. Сол уақыт аралығында құрылыс материалдары да екі есе қымбаттап, нысанның бастапқы құнынан бағасы өзгеріп шыға келіпті. Оған қоса өңірде туберкулезге шалдығушылардың саны 22 есе азайған соң, тағы бір ауруханаға қажеттілік болмаған. Енді бұл аяқталмай тұрған құрылыстың тағдыры қалай болары белгісіз.
«Құрылыстың қазіргі таңда қажеттілігі туберкулезге қарсы диспансердің ондай қажеттілігі болмай тұр. Қараусыз емес . Ол консервация этапында тұр. Алдағы уақытта мүмкін инфекциялық стационар болады. Бұл үлкен клиника ашылады деген ойдамыз. Бұл сұрақ қазір қарастырылып жатыр», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Іңкәр Қарашаева.