Сот қаулысы заңды күшіне енді
Атырау облысында кәмелетке толмаған баланың мопед айдағаны үшін анасы әкімшілік жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен азаматша Р.С.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
«Р.С. кәмелетке толмаған 15 жасар ұлы Н.Л.-ға қатысты тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамаған. Яғни, 2024 жылдың мамыр айында күндізгі уақытта құқық бұзушының кәмелетке толмаған ұлы Н.Л. «Самурай» мопедін жүргізуші куәлігі жоқ күйде жүргізіп, Құлсары қаласындағы көше бойында «Toyota Camry» маркалы көлігімен соқтығысқан. Р.С.-ның кәмелетке толмаған ұлына тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан, кәмелетке толмағанның әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс әрекет жасауына алып келген», - делінген аудандық соттың хабарламасында.
Р.С.-нің кінәсі іс құжаттарымен толық дәлелденді.
Сотта Р.С. кінәсін мойындап, ұлының әрекетіне кешірім сұрады.
Р.С.-ның өз кінәсін мойындап, өкінуі әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот қаулысымен Р.С. ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оның жеке басы, жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар, құқық бұзушылықтың сипаты ескеріле отырып, оған 51 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу түріндегі жаза қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.