Қазақстанда вейптерге тыйым салатын заң бүгін күшіне енді

Автор: Нұргүл Абай

Вейптер үшін енді қылмыстық жауапкершілік бар

Фото: freepik.com

Қазақстанда вейптерді сатуға және таратуға тыйым салатын заң бүгін күшіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент биыл 19 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Бұл құжат бүгін күшіне еніп отыр.

Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салынған.

Яғни вейптердің айналымы үшін бүгіннен бастап қылмыстық жауапкершілік көзделген:  

  • вейптерді сату және тарату – 200 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкелу және өндіру – 2000 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
  • егер бұл әрекеттерді қылмыстық топ жасаса, 5000 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
Тегтер: