Қосшы қала мәртебесін алғаннан кейін қалай өзгерді

Автор: Azattyq Rýhy

Шаһарға 2021 жылы жаңа статус берілген

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

2021 жылы ауылдан қалаға айналған Қосшының сол кезде шешілмеген, шешімін таппаған түйінді проблемалары өте көп болатын. Елордаға іргелес орналасуы, тұрғындар санының жылдам өсуі жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. Ауыз су, жарық, үш ауысымдық мектеп, жол және басқа коммуналдық проблемалар күн құрғамай айтылып жататын. Бірақ Қосшы қала статусын алғаннан кейін жағдай бірте-бірте реттеліп келеді. Azattyq Rýhy тілшісі шолу жасап көрді.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен қаланың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары бойынша кездесу өткізді. Кездесуде қала әкімі Қосшының даму бағыттары мен кезеңдері, атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.

ҮШ АУЫСЫМДЫҚ МЕКТЕП ПРОБЛЕМАСЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЙЫЛДЫ

Жалпы Қосшы қаласында қазір 7 орта мектеп жұмыс істеп тұр. Онда 11 мыңға жуық оқышы білім алып жатыр. Гайдар Қасеновтің айтуынша өткен жылы 2 мектеп пайдалануға берілген. Пайдалануға берілген мекептің бірі жеке инвестицияның қаражатына салынған.

«Өткен жылы 2 бірдей мектепті қолданысқа беріп, көп жылдан бері қордаланып келген үш ауысымдық оқытуды түбегейлі шештік. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 1200 орындық тағы бір мектеп пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан басқа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қосшы қаласында 2 мектеп және Тайтөбе ауылында 1200 орындық мектеп салу жоспарда бар», - деді әкім өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы сөзінде.

Қосшыдағы түйінді мәселелердің бірі қалалық емхана болатын. Бұл да шешімін тапқан. Қазіргі кезде қалалық емхана тұрғындарға қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта көп бейінді аурухана салу да жоспарланып отыр екен.

ҚОСШЫҒА БІР ЖЫЛДА 42 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Өткен жылы 42 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Сонымен қатар биыл жеке инвестиция есебінен 500 адамға арналған асханасы бар қалалық мешіттің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мешіт жуық арада пайдалануға берілмек.

Тағы да жеке инвестицияның қаражатына Қосшы қаласында ең соңғы үлгідегі жаңа  қоғамдық мәдени-спорт орталығы салынып жатыр.  Қаладағы Қоғамдық мәдени-спорт орталығы Қазақстанда осы үлгідегі алғашқы  орталық болмақ. 

Жаңа орталықтың ауданы 7.7 мың шаршы метрді құрайды.  Жоба құны 8,5 млрд теңге. Орталықтың жобасы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе ескеріле отырып жасалған.  Мұндай қоғамдық мәдени-спорт орталықтары, әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған. Сондай-ақ шығармашылық және спорттық үйірмелерді, ересектер мен балаларға арналған демалыс орталықтарын ұйымдастыруға,  концерттер, кітап жәрмеңкелері мен өнер көрмелерін өткізуге арналған алаң ретінде қызмет етеді.

Нысан үш негізгі аймақтан – білім беру, мәдени және спорттық аймақтардан тұрады деп жоспарлануда. Білім беру блогына робототехника, кескіндеме, тігін және қыш жасау студиялары, шахмат ойнауды, информатика мен математиканы үйрететін сыныптар, балаларға арналған егіншілік сабақтар үшін қысқы бақ, ерте даму орталығы және мектепке дейінгі білім беру кеңістігі кіреді.

Орталық аумағында кинотеатр, террасаға шығатын асхана және коворкинг-аймақтар орналасатын болады.

ҚОСШЫ  - СПОРТ ПЕН МӘДЕНИЕТ ОРДАСЫ

Жуырда ғана Қосшы қаласында «ALAN» спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл қаладағы тұңғыш денешынықтыру-сауықтыру орталығы. Кешен заманауи спорттық жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бассейндер, спорт залы, күрес және ойын залы бар.

Сондай-ақ кешеннің сыртқы аумағы толықтай абаттандырылған. Кешен айналасында түрлі жаттығу тренажерлары орнатылған. Спорттық кешен күніне 300 адамды қабылдай алады. Сонымен қатар Олимпиада тізіміне енген спорттың 10 түрінен секциялар жұмыс істейді.

Бұған дейін қалада жүзу бассейні болмаған еді. Енді бассейн үш ауысымда күніне 90 адамды қабылдай алады.

Қосшы қаласының аумағына кіретін Тайтөбе ауылы да жылдам әрі қарқынды дамып келе жатыр. Жыл басында ауылда тұңғыш рет ашылған Мәдениет үйі тайтөбеліктер үшін өте маңызды оқиға болды. Сыйымдылығы екі жүз орынға арналған ғимаратта мәдениет пен руханиятты дамыту үшін кітапхана, концерт залы, коворкинг, көрме және жәрмеңкелер үшін арнаулы орындар, сондай-ақ Тайтөбе таланттарының талабын ұштайтын домбыра, эстрадалық вокал, би өнерінің үйірмелері тегін жұмыс  істеп тұр.

Қаладағы үй аулалары да қарқынды түрде абаттандырылып жатыр. Тек өткен жылы 13 ойын алаңы орнатылған.

ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП ЖАТЫР

Қосшы әкімінің сөзіне қарағанда, күн жылына қаладағы жол жөндеу жұмыстары, яғни, бюджеттен бөлінген 800 миллон теңгеге жол құрылысына қатысты шаралар, яғни жол жолақтарын жүргізу, былтыр басталған жол құрылысы жалғасып жатыр.

«Осы уақыттарда «Лесная поляна» тұрғын алабындағы ескі жабындарды сүріп, қайтадан жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Менің қабылдауыма келетін тұрғындар тарапынан 19-20 ықшам аудандардағы жол мәселесі жиі көтеріледі. Аталған аумаққа жол құрылысы бойынша арнайы жобалар жасауға келісім жүріп жатыр. Әзірге уақытша қиыршық тастар төселеді. Сондай-ақ, құрылысы жүріп жатқан жаңа әлеуметтік маңызды нысандардың аумағына жол салу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Абай көшесі бойындағы биыл пайдалануға берілетін жаңа мектептің жодарын салуды мердігер өз қаражатына бастады», - деді әкім брифингте.

Жол салу жұмыстары Тайтөбе ауылында да өте жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Жалпы Тайтөбенің ішкі жолдары 40 шақырымды құрайды. Биыл ауылға жол салуды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаражатқа сәйкес 12 шақырым жол салынады, яғни ауылдағы 26 көшеге асфальт төселеді. Былтыр 8 км, оның алдыңғы жылы 5 км жол салынды. Биыл салынатын жол 12 шақырымға артқан. Бірнеше жыл қатарынан жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауылдағы барлық көшеге тасжол баратын болады. Осы күздің соңына дейін ауылды асфальттау жұмыстары толық аяқталмақ. Сонымен қатар көшелердің қайсыбірінде жаяу жүргінші жолдарын  салу да жобаға енгізілген.

ҚОСАЛҚЫ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ТАРТЫЛАДЫ

Қосшыда әлі де болса суға, жарыққа қатысты мәселелер туындап жатады. Бұл бағыттағы талай жылдан бері қордалаған проблемалар толық шешілді деуге болмайды. Ол туралы брифингте қала әкімі де тілге тиек етті.

«Дәл қазіргі сәтте, жиі көтерілетін сұрақтың ең бастысы электр желісіндегі ақаулардың кесірінен апаттық жағдайда тоқ жиі өшіп тұрады. Бұған басты себеп, ең біріншіден, Қосшы қала мәртебесін алмай тұрып, электр желінің бәрі ауылға шақтап жасалған, сол себепті қала сұранысын қамтамасыз ете алмады. Өздеріңізге белгілі, қазір ішкі көш бойынша Қосшы қаласы республикада бірінші орында тұр. Тұрғындар саны күн санап өсуде. Осы мәселені шешу үшін, бірінші қосымша үстеме ақы алып келген КИПЭСТ-пен келісімшартты тоқтатып, орнына «Орда Құрылыс» компаниясы келіп, қызмет көрсетуді бастады. Тағы бір баса айта кетер мәселе, бірде бір электр желісіне қосалқы желі тартылмаған. Бүгінгі таңда, қосалқы, яғни резервті желілерді қамтасыз ету үшін нақты шаралар қолға алынған», - деді әкім.

Гайдар Қасеновтің сөзіне қарағанда электр желісіне былтырғы жасалған ревизия шарасынан кейін, кезең-кезеңімен жүзеге асыратын жұмыстың нақты жоспары мен сызба дайындалған. Осы мақсатта 250 миллион теңге қаржы қарастырып, мердігер мекеме де анықталған. Сонымен қоса, желі жоқ және қолдан салынған бөліктерге электр желісі құрылысын жүргізу бойынша төртінші кезеңіне ауқымды жоба әзірленген. Жобаның құны – 2.9 миллиард теңге. Ал, құрылыс қарқынды жүріп, көп қабатты тұрғын үйлер салынып жатқан бөліктерге арнайы жеке инвестиция есебінен бесінші кезеңдегі жаңа электр желісін тартуға жоба әзірленіп жатыр.

АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ

Ауызсу мәселесі Астана мен оған іргелес орналасқан елді-мекендер үшін үнемі өзекті болып қала береді. Әкімге қойылған сұрақтардың ішінде бұл мәселе де көтерілді.

«Қосшыда су сорғызу станциясы бар, алайда, құрылысы толық аяқталмаған күйінде тапсырылды.   Мысалы, 2021 жылы бір үйді суға қосу үшін толықтай қаланы ауыз судан шектеуге мәжбүр болатынбыз. Ал қазір бұл мәселе шешімін тапты», - деді қала әкімі.

Жалпы Қосшы қаласында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін жеке инвестициялар қаражатын тарту қарастырылған. Бұл бағытта қала үшін негізгі су алу көзі болып отырған Нижнероманов кен орнынан Қосшы қаласына дейін екінші кезеңмен су тарту және су құбырын салудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда. Аталған жоба қала тұрғындарына су беру көлемін тәулігіне 10-15 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТЫ ШЫҒАРУ

Әлеуметтік желілерде Қосшы қаласы көшелерінде шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарға қатысты сыни пікірлер жиі айтылатын. Қала әкімі бұл мәселені де айналып өтпеді.

«Қосшы қаласы тұрғындары тарапынан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жөнінде сын-пікірлер айтылады.  Әрине, оны дұрыс бағытта қабылдаймыз. Естеріңізде болса, қала мәртебесін алғанымызға дейін қоқыс Тайтөбе ауылындағы заңсыз полигонға шығарылып келді. Алғашқы күннен бастап, тұрғындар полигонды жабуды талап етті. Біз бірден сол талапты орындап, тариф енгізіп, Астана басшылығымен келісімге келіп, қоқысты арнайы полигонға шығарып отырмыз. Тарифті жоғары деудің мәні де осында жатыр. Себебі, тасымалдаушы компания ұзақ шақырымды жолды жүріп өтеді.  Бір бағыт 52 км құрайды. Бүгін де мердігер мекемеге арнайы техникалардың санын арттырып, жұмыс сапасын көтеруді тапсырдым», - деді Гайдар Қасенов.

ГАЗ ТАРТУ ЖЕЛІЛЕРІН ЖОБАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Қала әкімінің айтуынша 2021 жылы Қосшы қаласын газбен жабдықтаудың жобалық сметасын әзірлеу басталған екен. 2023 жылдың тамыз айында Қосшы қаласына газ жеткізу құбыры мен газ тарату желілерін жобалау бойынша жұмыстар аяқталды.

«2023 жылдың желтоқсанында мемлекеттік сатып алу өтіп, жеңімпаз «Әлия Сервис» ЖШС келісімшарт жасалды. 2024 жылға 4 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде. Десе де мердігер өз қаражатына мамыр айында алғашқы жұмыстарды бастады. Тайтөбе ауылын газбен қамтамасыз ету Қосшы қаласынан жүзеге асырылады. Қосшыдағы жылу маусымы қалыпты деңгейде өтті. Резервті желіні салдық. Алдағы уақытта газбен жылыта алатын жылыту қазандығын салу бойынша инвестор тарту жоспарлануда», - деп толықтырды қала басшысы.

 

Тегтер: