Ол халық саны өсіп жатқан аудандар бар екенін жеткізді
Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова өзінің депутаттық сауалында Ақтөбе қаласы Алматы ауданында жаңа аурухана қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет», деп нақты міндеттер жүктеген.
«Бүгінгі депутаттық сауалымыз Ақтөбе қаласының шалғай шетінде орналасқан Алматы ауданының 35 мың тұрғынының заманауи аурухана салу туралы ұсынысын жеткізуге арналады. Алматы ауданы – Елек өзенінің жоғары жағында Балауса, Көктем, Жібек жолы, Рауан, Сая, Мағажан, Келешек, Бау-бақша ұжымдары елді мекендерін қамтитын халқы тығыз орналасқан жаңа аудан. Қысты күні борандатып, көктем мен күзде жаңбырлататын 7-8 аялдама қатынап, осы ауданның 35 мың тұрғыны № 2 қалалық ауруханаға баруға мәжбүр», - деді депутат.
Сүлейменова сауалды бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігіне жолдағағанын айтты.
«Алайда бүгінгі таңда, «өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарын дамыту шараларын қабылдау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде» деген шығарып салма жауабын алдық. Оған қоса, құзыретті орган жауабында Заречный-1 елді мекеніне медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория бар деп айтылған. Аталған амбулаторияда қарапайым анализ тапсыруға мүмкіндік қарастырылмағандығын ескерсек, балаларға, жүкті әйелдерге, қарттарға және мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді медициналық көмек алуға арналған бүгінгі мәселенің өзектілігі одан сайын арта түседі», - дейді ол.
Ол премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдан азаматтардың өтінішін ескеріп, Ақтөбе қаласы Алматы ауданынан заманауи аурухана салу мәселесін шешуге атсалысуын сұрады.
«Аудан халқы күн санап өсіп келеді. Медициналық көмек олардың тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір тұрғынға қолжетімді болуы тиіс. Заманауи, жақсы жабдықталған аурухана құрылысын бастау - кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда, қажетті құрал-жабдықтары бар заманауи аурухана салуға қаржы табу қажеттілігін жеткіземіз. Бұл аурухана Ақтөбе қаласының шалғай шетінде тұратын мыңдаған адам үшін қолдау болар еді», - дейді ол.