Биыл 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталған

Автор: Azattyq Rýhy

Оның ішінде 59 қылмыстық топ бар 

Фото: freepik.com

Биыл 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жыл басынан бері 1100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды, оның ішінде 59 қылмыстық топ және 38 гастрольдік ұры бар», – деді ол.

Полиция пәтер ұрлығына қарсы күресте бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды қабылдап жатыр.

«ІІМ-нің ведомстволық бағдарламалары аясында тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. 24 мыңнан астам камера тұрғындардың бастамасымен қойылды. Пәтер ұрлығының жасалу әдісі мен уақытына күнделікті талдау жүргізіледі. Осыған қарай патрульдік полиция нарядтарының қозғалыс бағыттары белгіленіп отырады. Жергілікті атқарушы органдармен және сауда объектілерінің әкімшіліктерімен бірлесіп, ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілеріне жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда», – деді Шыңғыс Алекешев.

Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда пәтер ұрлығының саны жыл сайын орта есеппен 34%-ға төмендеп келеді. Егер 2019 жылы 31 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, 2023 жылы тіркелген қылмыс саны 9 мыңнан аспайды.