Аймақтар статистиканы жақсарту үшін тірі туған балаларды өліге санап отырған – комиссия мүшесі

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Сенатта Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова осындай сұмдық жағдайды ашып айтты

Айта кетейік, министр Елжан Біртанов сенаттағы баяндамасында дәрігерлер 277 баланың өлімін жасырғанына қысқа тоқталған еді. Отырыс соңынан соң, «Азаттық рухы» тілшісінің сұрағына жауап берген Людмила Бюрабекова мән-жайды айтып берді.

«Біз Қазақстанда өлі туған нәрестелердің 2018 жылғы көрсеткіші бойынша анализ жасадық. Аймақтардың перзентханаларында бұзылмай қалған шыны құралдарды көтеріп, бала сол шыны аппаратқа салынғанда демалып жатты ма, әлде, шынымен өлі туды ма, соны тексердік. Осы тексеруде аймақтардың статистиканы жақсарту үшін балалар тірі туып, кейін өліп қалса да, оны өлі туды деп есептеген жағдайларды анықтадық», - дейді ол.

Осылайша, 2018 жылғы аудит Қазақстанда 277 бала тірі туғанын, бірақ, оны дәрігерлер өлі туды деп жазғанын анықтаған. Бір айта кетерлігі, бұл аудитқа Маңғыстау облысының перзентханалары қатыспаған.

«Себебі, Маңғыстау облысы шыны аппараттарды жойып жіберген, бұл денсаулық сақтау ережесіне қайшы, бірақ ешқандай жаза көзделмейді», - дейді ол.

Оның айтуынша, бала өлімін жасырған аймақтар арасында Қызылорда облысы, Жамбыл облысы, Атырау блыстары көш бастап тұр.

«Тірі туған бала мен өлі туған бала статистикаға қалай әсер етеді? Баланың тірі туғанын жасыруға не мотив болған?» деген сұрағымызға ол:

«Себебі, ана мен бала өлімінің көрсеткіші бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдері арасында меморандум бар. Сондықтан, жалпы, статистика бәсекеге әсер етеді. Яғни, көрсеткіштер жаман болған сайын, біздің әлемдік рейтингтегі позициямыз төмендей береді. Бұл статистикада тірі туған, бірақ өліп қалған бала – бір бөлек, ал, өлі туған бала – басқа статистика», - дейді ол.

Оның айтуынша, аймақтар үшін баланың тірі туып, өлгенінен қарағанда, өлі тууы – «тиімді» болған.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан