Құрбан айттың бірінші күні 16 маусым, жексенбіге түсіп тұр
Биыл Құрбан айттың алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, қазақстандықтарға қосымша демалыс берілмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратынша, биыл қасиетті мейрамның бірінші күні 16 маусым, жексенбіге түсіп тұр.
«2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал Құрбан айт 16 маусымға сай келеді», - делінген хабарламада.
Ал қолданыстағы заңға сәйкес, діни мейрам демалыс күндерге түссе, демалыс басқа күнге ауыстырылмайды. Яғни бұған дейін ҚМДБ діни мерекелер кестесін жариялаған кезде, Құрбан айттың бірінші күні 17 маусым, дүйсенбіге түсетінін хабарланған. Дегенмен, айдың көрінуіне байланысты, қасиетті мейрам бір күн ерте басталатын болып тұр.
«Құрбан айттың бірінші күні мұсылман күнтізбесі бойынша өтеді. Олар мейрамның алғашқы күні 16 маусым, жексенбі деп жариялады. Бұл жай да демалыс күні. Сол себепті ауыстырылмайды», - деп нақтылады Azattyq Rýhy тілшісіне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетері, үш күнге созылатын Құрбан айтта жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет.