Әскерде қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір ер-азаматтың қасиетті міндеті
Бүгінде әскер қатарында қызмет етіп, өзің үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға «Срочник.2.0» бағдарламасы бойынша білім гранттары табысталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады. Ал бір қызығы, ұлттық біріңғай тестілеу кезінде жинаған балдары есепке алынбайды. Дегенмен, бұл бағдарлама бойынша білім грантын жеңіп алу оңай емес. Себебі оқуға іріктеу 4 талаптан тұрады. Алайда әскер қатарында қызмет атқарып, білім грантын ұтып алған сарбаздарға шәкіртақы қарастырылмаған.
Себебі бұл мемлекеттік грант емес, университет есебінен білім алу болып есептеледі. Жоғары оқу орнында бос гранттар болса, студенттің оқу үлгерімі жақсы болса, мемлекеттік грантқа да ауысып кете алады.
Сондай-ақ, әскери қызметте жүріп білім грантына қол жеткізе алмаған сарбаздарға да жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, жоғары оқу орнына ақылы негізде, Ұлттық біріңғай тестілеуде тапсырмай түсу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін мемлекеттік платформалардан әскери қызмет өткергені туралы анықтаманы алып, өзі таңдаған жоғары оқу орнына ұсыну қажет.
Әскерге барып келген ер азаматтар жоғары оқу орнының әскери кафедрасына емтихан тапсырмай тегін қабылдана алады. Мәселен биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде отан алдындағы борышын өтеген сарбаздардың 60-тан астамы еліміздің әрбір жерінде орналасқан жоғары оқу орындарына тегін білім алу мүмкіндігін жеңіп алды. Соның ішінде Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің 15 сарбазы бұл білім гранттарына қол жеткізді.Біз білім грантын жеңіп алған сарбаздармен сұқбаттасқанедік. Мәселен өткен жылдың маусым айында әскери борышын өтеуге келген Құдайберген Еркін бүгінде аталмыш білім гранттарының бірін ұтып алып, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне» тапсырып жатыр.
Бұл бағдарлама туралы мен өз қаламдағы қорғаныс істер жөніндегі департаменттен білдім. Әскерге кетерде аталмыш департаменттің қызметкерлері бізге ақпараттандыру жүргізіп, «Срочник 2.0» атты бағдарлама бар екендігін және де осы бағдарлама арқылы жоғары оқу орнына түсуге арналған білім грантын жеңіп алуға болатынын айтып өтті. Ал әскер қатарына келген кезімізде әскери бөлімнің қызметкерлері бізге бұл бағдарлама туралы толық ақпарат берді. Ал, менің жеке пікірімше, бұл мемлекет тарапынан ұйымдастырылған ең керемет бағдарламалардың бірі десем, артық айтқаным емес. Себебі, әрбір ер азамат жоғары білім алуды көздейді. Ал осы бағдарлама арқылы қазір көптеген жастар өздерінің армандаған мамандықтарына құжат тапсырып жатыр. Шыныменде бұл өте үлкен жетістік, - дейді ол.
Еркін Құдайберген атағандай, ол өзінің Отан алдындағы борышын өтей жүріп, осындай зор мүмкіндікке ие болған.
Берілген барлық тапсырмаларды дұрыс орындап, нормативтерді жақсы тапсырып, барымды салдым. Қарулас бауырларым, рота командирлері, взвод командирлері маған қолдау көрсетіп, демеу болды. Неліктен бұл жоғары оқу орны деген сұраққа жауап берер болсам, мен әскерге келмес бұрын мамандандырылған орта білімді программист мамандығы бойынша білім алғамын. Ал қазір осы оқу орнын таңдай отырып мен өзімнің мамандығым бойынша біліктілігімді арттырып, жоғары білім ала аламын, - дейді ол.
Дәл осындай мүмкіндікке Алматы қаласында орналасқан «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін» таңдаған Баубек Баймұратов та ие болды.
Бұл оқу орны менің бала кезден келе жатқан арманым. Еліміздің оңтүстік астанасы атанған Алматы қаласында жоғары білім алу мен үшін өте үлкен мақтаныш. Сонымен қатар бұл оқу орнында мен таңдаған мамандық бойынша өте жақсы мұғалімдер тәлім береді. Бұл бағдарламаның басқа бағдарламалардан ерекшелігі ұлттық біріңғай тестілеуді тапсырмай, оқуға түсіп кетуге болады. Ал талаптарға келер болсам, әскерде біз арнайы нормативтер тапсырамыз. Әрбір тапсырған нормативтерімізге арнайы баллдар қойылады. Мәселен, атыс алаңындағы оқу жаттығу барысында жинаған баллдарымыз, дене шынықтыру бойынша алған баллдарымыз қаралып, барлығы қосылып, ортақ балл шығады. Ал мен осы талаптар бойынша жоғары балл жинап, өзім армандаған қалаға білім грантын жеңіп алдым, - дейді ол.
Жоғарыда атап өткен екі жеңімпаздан бөлек қазіргі таңда Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде 13 жеңімпаз да білім гранттарын қанжығаларына байлап, өз үйлеріне оралмақшы.
Ал жеңімпаз атанған бұл сарбаздардың жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер министрлік сайтының «Срочкники 2.0» платформасында тіркеледі.
Осылайша, әскер қатарына сарбаз болып қосылған жас жеткіншектер бүгінде елімізді беделді оқу орындарының табалдырықтарын аттағалы тұр.
Әскери қызмет барысында аталмыш бағдарламадан бөлек бағдарламар өте көп. Мәселен, қазір Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздарға қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несиелерге «демалыс беру» атты бағдарламасы қарастырылған. Несиеге демалыс беру бағдарламасы туралы айтар болсақ, сарбаздың несиесі мерзімді қызмет кезінде 13 айға тоқтйды. 12 ай қызмет ету мерзімі болса қосымша 1 ай жұмысқа орналасуға беріледі. Бұдан бөлек қазіргі кезде еліміздің қорғаныс министрлігі әскерден кейін сарбаздарды жұмысқа орналастыру үшін кәсіпорындармен келісімшарт жасайды,- деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына мерзімді қызметін өтеуге келген әрбір сарбазға, мерзімді қызметтің 6 ай уақыты өткен соң, келісімшарт бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Осылайша бүгінде Отанды қорғап-білім грантын жеңу, Отанды қорғап-әскери қызметке орналасу бұл кез келген адам үшін мүмкін екенін байқауға болады.