Блогердің айтуынша, Қазақстан ажырасу бойынша әлемде 16-орында тұр
Белгілі блогер, әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі елімізде ажырасу саны неге көп екенін түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен сауалнама жасаған кезде ажырасудың көп себебі – отбасына адамдардың сырттан араласуы екені белгілі болды. Қазақстан ажырасу бойынша әлемдегі 114 мемлекеттің ішінде 16-орында тұр. Бұның себебі неде?» - деп сауал тастады блогер.
18 жасында тұрмыс құрған блогердің бұл сұрағына оның жары, спортшы Дархан Нортаев жауап беруге тырысты.
«Бұл ер адамға байланысты. Неге? Өйткені, үйленгеннен кейін ол баладан ересек позициясына уақытылы көше білу керек. Ересек позициясы дегеніміз – өз-өзіне, өз отбасына жауапкершілік ала білу. Сырттан ешкімді кіргізбей, «бұл–менің шекарам, менің отбасым, ешкім кірмейді, өз мәселемді өзім шешемін, әйелімнің және менің арамда болып жатқан жағдай біздің арамызда қалады» деу. Әйел адам – Алладан бізге берілген үлкен аманат. Көп ер адам үйленгеннен кейін әйеліне зат секілді қарайды. Осының бәрі дұрыс болмағандықтан, бір-бірін сүйіп қосылған жастардың ажырасу ықтималдылығы жоғары болады. Сол үшін бәрінің алдын алу керек», – деді спортшы, блогердің күйеуі Дархан Нортаев.