Енді 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусын сатылмайды

Автор: Аубакирова Нургуль

Депутаттардың айтуынша, энергетиктер алкогольден де қауіптірек болып барады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынады. Парламент мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды ілеспе түзетулермен екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі  Елнұр Бейсенбаев  Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, құмар ойынға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай ойын ойнау үшін энергетикалық сусын ішеді. Яғни бұл сусынның негізгі тұтынушылары – солар.

«Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде 200 мыңнан астам бала құмар ойындарды тұрақты ойнайды. Осы жеткіншектер энергетиктерден миы уланып, ставка қоюы да мүмкін. Бүгінде энергетиктер алкогольден де қауіптірек болып барады. Қазір тіпті он жастағы бала да емін-еркін энергетик сатып ала алады. Осыған байланысты президенттің тапсырмасын орындау үшін энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салу туралы норма қабылданды», - деді ол мәжілістің жалпы отырысында.

21 жасқа толмағандар сауда автоматтары, электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы да энергетикалық сусынды сатып ала алмайды.