Алматы облысында жоғалған шетелдік табылды
Полиция оны «Нелегал» іс-шарасы кезінде іздеп тапты
Алматы облысы Қарасай ауданында Өзбекстанда іздеуде жүрген шетел азаматын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары «Нелегал» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші күні көші-қон полиция қызметкерлерімен бірігіп, көрші мемлекетте хабар-ошарсыз кеткен 50 жастағы азаматты ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Қазір оны Өзбекстан Республикасына қайтару туралы мәселе қарастырылуда. Іле ауданында көші-қон заңнамасын бұзудың екі фактісі тіркелген. Бұл деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді облыстық көші-қон қызметі басқармасында.
Осы жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 4 543 адам жауапқа тартылды. Соның ішінде 3 840 шетелдік. 12 қылмыстық іс қозғалып, 196 шетелдік елден шығарылды.
Көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және оны алдын алуға арналған профилактикалық іс-шара 21 маусымға дейін жалғасады.