Тоқаев Қазақстанда суперкомпьютер жасалып жатқанын хабарлады

Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс

Тоқаев Қазақстанда суперкомпьютер жасалып жатқанын хабарлады
Фото: Ақорда

Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Осылай деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда да талантты командалар пайда болып, олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деген сенімін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет. Қаржы технологиясы мен электронды үкімет салаларын дамытуда айтарлықтай ілгеріледік. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің технологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді», - деді Тоқаев.

Президент Қазақстандағы университеттер практикаға басымдық беруі керек деген идеяны алға тартты.

«Қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көреді», - деді Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.