«Miras» республикалық кеңесінің отырысында екі өзекті мәселе қаралды
Бүгін AMANAT партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, министрлік пен мекемелердің басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен Кеңес мүшелері қатысты.
Жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шараларға дайындық барысы мен AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында айқындалған Мәдениет және архив ісі саласы жұмыскерлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңес төрағасы, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай ел президентінің V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қаржыны үнемдеп жұмсауды тапсырғанын атап өтті. Ол елдің намысы, мемлекеттің мерейі көрініс табатын байрақты ойынды биік деңгейде, нәтижелі өткізу негізігі мақсат екенін айтты.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаевтың сөзінше, 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын спорт, мәдениет, ғылым бағыттарын қамтиды.
«85 елден 2 мыңнан астам қатысушылар мен ресми тұлғалар келеді деп күтілуде. 212 спорт түрінен 97 медаль сарапқа салынады. 150-ден астам мәдени іс-шара атқарылып, оны тамашалауға 100 мыңнан ары турист келеді деп жоспарлануда. Іс-шара кезінде 243 автокөлік қызмет етеді. Қонақтарға арнап 32 қонақ үй әзірленеді. Ат үстіндегі Алаш рухын арттыратын бұл ойындарды өткізу біз үшін аса қуанышты әрі жауапты іс. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын нәтижелі өткізу біздің мақсатымыз», - деді ол.
Қоғам қайраткері, «Қазақ газеттерінің» бас директоры Дихан Қамзабек V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының атауына қатысты өзінің сын-ескертпесін білдірді.
«Біз қазақ әр сөзге, әр ұғымға жауапты қараймыз. «Көшпенділер ойыны» дегенде бір қателік жіберіп отырмыз. Шындығында «көшпенді» емес, «көшпелі» деу керек. Осы сөзі әр газетке жазылған әр мақаладан түзеп отырамыз. Мысалы, Ілияс Есенберлин ешқашан «көшпенді» демеген. Осыған дейінгі тарихымызда ағартушыларымыз «көшпелі» деп жазған. Олардан жырақтап кетпеуіміз керек. Ойындарға дейін әлі уақыт бар, қаншама қағаз, жарнамалар шығып кетпей тұрып түзетуге кеш емес», - деді Дихан Қамзабек.
Аманжол Әлтай қоғам қайраткерінің ұсынысы жазылып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетінін айтты.
Отырыста көтерілген екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан архив ісі саласы жұмысшыларының жанкешті қызметі туралы айтып, Көне қолжазбалар орталығына қолдау жетіспейтінін қадап айтты.
«Елімізде сирек қолжазбалар орталығы бар. Өткен аптада барып келдік. Ұжым қарлығаштың ұясындай ғана жерде отырып, көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Таяуда Англияға барып, біздің көне қолжазбаларымызды, сирек кітаптарды алып келді. Өңірлерге шығып экспедиция жасап, елдің қолындағы мұраларды жинады. Бірақ оларға тиісті қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Көне қолжазбалар орталығына үлкен қолдау керек. Қызметкерлер айналдырған 100 мың теңгеге жетпейтін айлық алады. Бүкіл архив материалдарымен жанкешті жұмыс жасап отырғанын көрсеңіздер... Шаң-тозаңның ішінде бәлен ғасыр толған, мүжіліп кеткен құндылықтарды ақтарып, зерттеп отыр. Денсаулықтарына да зиян. Ол жерге маман да шақ келмейді. Жап-жас қыз-жігіттердің айлықтары шайлықтарына жетпейді, не басында баспанасы жоқ. Қаланың шетінен үй жалдап жұмысқа келіп жүрген қазақтың болашақ ғалымдары», - деді ол.
Жанарбек Әшімжан отырысқа қатысушыларды Көне жазбалар орталығына барып, ол жердің қызметкерлінің жағдайымен таныс болуға және мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салуға шақырды.
Жиын соңында Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай келгендерге алғыс айтып, пысықталған мәселелердің құзырлы органдарға жолданатынын айтты. Сонымен бірге бірнеше министрлікке аталған проблемалар туралы нақты ұсыныстар берілетінін атап өтті.