Жамбыл облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған 24 адам ұсталды

Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергеп-тексерілді

Жамбыл облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған 24 адам ұсталды
Фото: polisia.kz

Заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың алдын алу мақсатында Қордай ауданы прокуратурасы ведомствоаралық жедел тергеу тобын құрды. Нәтижесінде Пәкістан, Ауғанстан, Қырғызстан және Бангладеш елдерінің 20 азаматына қатысты заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 4 тұлға ұсталды. Бұл туралы Жамбыл облысының  прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған факті бойынша Қордай аудандық ПБ-мен ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) қылмыстық іс тергеп-тексерілді.

«Қордай аудандық сотының үкімдерімен 24 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Оңтүстік Азияның 20 азаматы мерзімін өтегеннен кейін елден шығарылды. Сот үкімдері заңды күшіне енді», - делінген хабарламада. 

Осыған ұқсас аудан прокуратурасының үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде Непал Республикасының 10 азаматына қатысты заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 2 қылмыскер құрықталып, 12.05.2024 жылғы сот санкциясымен қамаққа алынды.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. 

ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа мәліметтер жариялануға жатпайды.

Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.