«240 мың теңге»: Самал Еслямова Қуанышбаев театрындағы айлығы ең көп актриса екені белгілі болды

Автор: Темірхан Айжан

Театр қызметкерлерінің жалақысы қаңтар айында 119 мың теңгеге теңескен 

Фото: @samal_yeslyamova

Мәдениет қызметкерлерінің негізгі лауазымдық жалақысы республикамыздағы мамандықтардың ішіндегі ең төменгі жалақы болып есептеледі. Бұл туралы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының  директоры Асхат Маемиров Мирас қоғамдық кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Постсоветтік елдердің ішінде  Кан халықаралық кинофестивалінің жалғыз лауреаты атанған акриса Самал Еслямова менің театрымда істейді. Оның айлығы – 240 мың теңге, онда да Кан фестивалінің лауреаты деген атағымен алып отыр, бұл - театрымыздағы ең жоғары айлық », - деді Асхат Маемиров.

Айтуынша, театрдағы техникалық қызметкерлер, сахна монтажшысы, кезекші әкімшілер 60-80 мың теңгені арасында айлық алып келген, тек қаңтар айында олардың жалақысы 119 мың теңгеге көтерілген.

Еске салсақ, қазақстандық актриса  Самал Еслямова 2018 жылдың мамыр айында Францияда өткен 71-ші Кан кинофестивалінде «Айка» фильмі үшін «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алған.