Тоғызқұмалақ vs тоғызат: Әлихан Байменов ұлттық ойын атауын өзгертуге қатысты пікірін айтты

Azattyq Rýhy

Депутат Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ ойынының тарихи атауын қайтаруды ұсынған

Тоғызқұмалақ vs тоғызат: Әлихан Байменов ұлттық ойын атауын өзгертуге қатысты пікірін айтты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «тоғызқұмалақ» ойынының атауын өзгертуді ұсынды. Алайда Дүниежүзілік және ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясының Президенті Әлихан Байменов депутаттың ұсынысын қолдамайтынын жеткізіп, ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп үкіметке сауал жолдапты. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. Көзіқарақты кез келген адам " бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?" деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ - ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны», - деді Әлихан Байменов.

ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі, деп айтты федерация президенті.

«Сырттан келген бір ер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа- ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды», - деді Байменов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.