Министр қашықтан оқыту бойынша сұрақтарға жауап берген
Халықпен кері байланыс орнату — министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Біз өз тарапымыздан педагогтермен, ата-аналармен және сарапшылармен үнемі байланыста болуға тырысамыз, деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағаметов өзінің Facebook парақшасында.
Ол азаматтардың конструктивті сауалдарына жылдам әрі мазмұнды жауап беру үшін, төтенше жағдай кезінде коммуникацияның түрлі құралдарын пайдаланатындарын жеткізген.
«Оқушылардың қашықтан оқыту форматына көшуіне байланысты call-орталығының жаңа 1450 қысқа нөмірін іске қостық. Жедел желіге көптеген сұрақтар келіп түседі. Бұған өткен аптада түскі үзіліс уақытында орынбасарларыммен бірге өзім «оператор қатарында жұмыс істеп», көз жеткіздім», - деп жазады ол.
Министрдің сөзінше, сұрақтардың басым бөлігі қашықтан оқытуға, жалақының қалай төленетініне қатысты болған.
«Біз Call-орталығына түскен қоңырауларға мамандармен бірге бірінші басшылардың да жауап беруі тәжірибесін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз», - деп алдағы жоспармен де бөліседі.