Қорғаныс министрлігінің кесірінен 150 адам жұмыссыз қалмақ

Автор: Темірхан Айжан

Министрлік өзі берген тапсырысты өзі қабылдамаған  

Фото: скриншот

Отандық «BSB Trade» компаниясы Қорғаныс министрлігінің ерекше тапсырысын орындаймын деп банкроттықтың алдында тұр. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат әділдік таппай мемлекеттік органдардың босағасын тоздырып жүрген кәсіпорын қызметкерінің зарын жеткізді.  

«Таратып айтсам, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (тапсырыс беруші ретінде) және «BSB Trade» деген компания (өнім беруші ретінде) арасында компьютерлермен қамтамасыз ету жөнінде 724 млн теңгеге жуық қаражат көлемінде шарт жасалған. Тапсырысқа 2 368 арнайы компьютер берілген. Нәтижесінде, тапсырыс беруші «BSB Trade» компаниясына талапты күшейтіп, тауарды қабылдаудан бас тартқан. Шарт «Алматы қаласының Сот сараптамасы институты» және «Атамекен» ҰКП-ның оң қорытындысына қарамастан, тапсырыс беруші тарапынан бұзылған. Бұл жағдайдың ең қиыны, тапсырыс берілген 2368 компьютер арнайы ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жабдықталған көптеген ерекшелігіне байланысты жалпы қолданысқа жарамсыз. Ал бұл дегеніміз – оларды басқа жаққа сату мүмкін емес деген сөз», -деді депутат.

Ринат Зайытовтың айтуынша, қазіргі уақытта ерекше тапсырысты орындап, далада қалған «BSB Trade» компаниясы өз заңды құқығын қорғауда әділдік таба алмай мемлекеттік органдардың босағасын тоздырып жүр. Соның салдарынан компания жұмысы тоқтап, 150 адам жұмыссыз қалып отыр.

Депутат айтқандай,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында отандық өнімді дамыту бойынша нақты тапсырма беретініне қарамастан, тиісті ведомостволар ұлттық өнім өндірушілерді қолдап, дамыту бағытындағы нақты әрекеттерге бармай отыр.

«Керісінше, отандық өндірушілерді барынша аяқтан шалып, ілгері бастырмай жатқан бюрократия мен заңсыздықтарға жиі куә болып жүрміз», - дейді ол.