Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламаға қатыспаған 122 адамға заңсыз жалақы аударылған

Azattyq Rýhy

Яғни, 31 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылды

Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламаға қатыспаған 122 адамға заңсыз жалақы аударылған
Фото: istockphoto.com

Түркістан облыстық прокуратурасы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығы» қызметінде жүйелі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру нәтижесінде «қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасына іс жүзінде қатыспаған 122 адамға заңсыз жалақы  аударылғаны белгілі болды. Яғни, 31 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған. 

Сондай-ақ, «Жастар практикасы» және «Ақылы қоғамдық жұмыс» бағдарламаларының 4 мыңнан астам қатысушысына 2023 жылға міндетті медициналық сақтандыру бойынша 11,6 млн теңге көлемінде төлем жүргізілмеген. Орталық қызметінде 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар және шарттарда негізсіз талаптар қою арқылы 760 кәсіпкердің құқықтарын шектеу фактілері орын алған.

Бұдан бөлек, «қысқа мерзімді оқыту» бағдарламасы шеңберінде оқудан өткен 50 адам іс жүзінде үздіксіз жұмыспен қамтамасыз етілмеген.

«Заң бұзушылықтарды болдырмау және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігіне және уәкілетті мемлекеттік органдарға 4 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, жекелеген фактілер бойынша құжаттар процестік шешімдер қабылдау үшін экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды», - делінген Түркістан облысы прокуратурасы таратқан ақпаратта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.