Депутат дәрі-дәрмекті міндетті таңбалауды енгізу мерзімін шегеруді ұсынды

Үкімет қаулысына сәйкес, дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау биыл 1 шілдеде басталуы керек

Депутат дәрі-дәрмекті міндетті таңбалауды енгізу мерзімін шегеруді ұсынды
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Вера Ким дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау жүйесін енгізу мерзімін шегеруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің қаулысына сәйкес, фармацевтика саласы 2024 жылғы 1 шілдеден бүкіл дәрі-дәрмекті міндетті таңбалауды енгізуге тиіс.

«Таңбалаудың негізгі мақсаты дәрілердің қадағалануын қамтамасыз ету арқылы сапасыз, сондай-ақ жалған және контрафактілі дәрілік препараттардың айналымына жол бермеу болады деп болжанған. Бұдан бөлек уәкілетті орган үшін таңбалау ТМККК және МӘМС аясында  алынатын дәрілердің нақты пациентке берілуін бақылаудың жақсы құралы болуға тиіс еді. Дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу үшін бірыңғай оператор ("Қазақтелеком" АҚ) шығыны көп ақпараттық жүйені ұсынды. Бірыңғай оператор жүйесінде жұмыс істеу үшін нарық қатысушылары қымбат жабдықтар мен ІТ-компаниялардан қосымша қызметтер сатып алуы керек, бұл шағын дәріханалардың, соның ішінде ауылдардағы мекемелердің жабылуына, сондай-ақ дәрілердің 27%-ға дейін қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе төмен баға сегментіндегі дәрілерге қатысты болады», - деді Ким премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, нарық қатысушыларына қойылатын жаңа талаптарға қарамастан, дәрі-дәрмекті таңбалау мен қадағалауды енгізу үшін әлі де ынталандыру немесе қаржылық қолдау түрінде жағдай жасалмаған және бірқатар мәселе шешілмеген.

Біріншісі –  "Қадағалау" ақпараттық жүйесі дайын емес.

Екіншісі – ақау кезінде нарық қатысушыларының іс-қимылын реттейтін нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы.

Үшіншісі – нарықтың 85 пайызын құрайтын шетелдік өндірістегі дәрілік препараттарды таңбалау кезінде "таңбалау" модуліне сұрақтар пысықталмаған. Мәселен, ЕАЭО ережелері бойынша тіркелген және сирек аурулары бар адамдар үшін біржолғы әкелінетін дәрі-дәрмекке код алу мүмкіндігі жоқ.

Осыған байланысты депутат әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу мерзімдерін кейінге қалдыруды ұсынды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.