Кемертоған ауылындағы көшелерді әлдекімдер меншіктеп алған – депутат Қасқарауов

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутат ауылдағы жаға ұстатар бассыздықтар туралы айтты 

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Данияр Қасқарауов премьер-министр Олжас Бектеновке Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғындарын толғандырған мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кемертоған ауылында кейбір көшелер жеке қолға өтіп кеткен. Мәселен Жасқыран, Шапағат көшелеріндегі тұрғындар өз үйлеріне көше арқылы кіріп-шыға алмайды. Себебі көше түсуі тиіс телімдер жекенің қолында. Жергілікті автокөлік жолдары, өндірістік аймақтардың жерлері бөтен біреулердің жер учаскесі болып кеткен. Осыған байланысты, аудан бойынша жекеменшікке берілген жерлердің заңдылығын қайта қарауды, сондай-ақ Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне сәйкестігін және заңдылығын анықтау мақсатында инспекторлық тексеріс ашуды талап етеміз», – деді депутат.

Депутат атағандай, ол мәселелерді шешуге не облыс, не аудан, не ауыл әкімдері құлықты емес. Әрбір мәселеге тек сыдырма жауап қайтарумен шектеліп келеді.

«Мысалы, сол жердегі Кемертоған ауылының әлеуметтік мәселесі ушығып тұр. Жарық, жол және суға жарымаған жұрттың төзімі әбден таусылған. Кемертоған ауылында 160-тан астам тоқ подстанциясы бар екен. Оның барлығы жекеменшіктің қолында. Жер алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ техникалық талаптарға сай келмейтін желілер жиі үзіліп, тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп жарамсыз болып қалады»,- деді ол.

Депутат Кемертоғандағы көшелердің тозығы жеткенін, кей жерлерде жол мүлдем жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының өзінде  үш ауысымды мектеп мәселесі күйіп тұр. Қазіргі таңда осы аталған аудандарда шамадан тыс жүктемесі басым 82 мектеп бар. 

«Сонымен қатар, кейінгі жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі рухани салада түбірлі жаңғырулар жүрген жоқ. Оған дәлел, облыстың 22 ірі ауылында осы күнге дейін мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жоқ, 25 мәдениет үйі мен клубтар апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ, 25 мәдениет нысан жөндеуді қажет етеді»,- деді ол.