Мәжіліс депутаты Қазақстанның солтүстігінде тұратын халыққа «аймақтық үстемеақы» төлеуді ұсынды

Автор: Аубакирова Нургуль

Депутаттың айтуынша, басқа елдермен шектесетін облыстарда халық санының азаюы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алаңдатарлық фактор саналады  

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дмитрий Колода еліміздің солтүстік өңірлерін дамыту үшін сол жақта тұратын халыққа «аймақтық үстемеақы» төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Депутаттық сауалға солтүстік өңірлердің халқының өмір сапасын жақсарту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және дамыту, демография мәселелері себеп болған. Мемлекет басшысы да солтүстік Қазақстан халқының азаюына алаңдаушылық білдірген.

«Солтүстік Қазақстан өңірлерінде халықтың табиғи азаюы, көші-қонның теріс сальдосы бірінші жыл байқалып отырған жоқ. Бұл тұтастай алғанда республиканың ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан елдің шекаралас өңірлерінде алаңдатарлық фактор. Біз бұл мәселені еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен солтүстікке қоныс аудару бағдарламаларын жүзеге асырумен ғана емес, сондай-ақ лайықты тіршілікті қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың туу көрсеткішін ынталандыру арқылы шешуге болады деп санаймыз», - деді ол.

Мәселен, Канада мен Ресей сияқты климаттық жағдайлары ұқсас елдерде үкімет төлейтін төлемдер – стипендия, зейнетақы және жалақы өңірлерге байланысты өзгереді. Үстемеақы жүйесі өмір сүру құнын ескереді, азық-түлік бағасының айырмашылығын, қалың киімдерді сатып алу қажеттілігін, жылу мен жарыққа кететін көп шығынды және солтүстік аймақтарға тән көптеген басқа шығындарды қамтиды.

Осыған байланысты депутат өзге елдердің тәжірибесін бізде де енгізуді ұсынды.

«Қазақстан халқы үшін арнайы "саймақтық үстемеақы" енгізу солтүстік өңірлердің тартымдылығын арттырады, сондай-ақ азаматтарға тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы өндірісі, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді», - деп есептейді Колода.

Осыған байланысты мәжілісмен премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға бірнеше ұсыныс жолдады:

  • солтүстік өңірлердің тұрғындары үшін арнайы "аймақтық үстемеақы" есептеу бағдарламасы мен әдістемесін әзірлеу;
  • жас мамандарды тарту үшін коэффициенттерді ескеру;
  • өңірдің зейнет жасындағы халқы үшін "солтүстік үстемеақыны" енгізу мүмкіндігін қарастыру;
  • Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру мәселесін шешуді жеделдету.