«Су тасқынын болдырмау үшін қайта жаңғырту керек»: депутат Түркістан облысындағы су қоймасына қатысты дабыл қақты

Аягөз Құрмаш

Ескірген бөгет көп мөлшердегі суды ұстауға қауқарсыз

«Су тасқынын болдырмау үшін қайта жаңғырту керек»: депутат Түркістан облысындағы су қоймасына қатысты дабыл қақты
Фото:parlak.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев су тасқынын болдырмау мақсатында Түркістан облысындағы су қоймасын жаңғыртуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде  су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты өткен шұғыл кеңесте Үкіметке барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді»,- дейді депутат. 

Оның айтуынша, мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және  шұғыл шаралар қажет» деп атап өткен болатын. 

«Ордабасы ауданының бұрынғы су шаруашылығы саласындағы бір топ қызметкері елде болған соңғы су тасқынына байланысты «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне үндеу жолдады.Сондай-ақ, осы жылдың наурыз айында әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығының белгілі сарапшысы Павлов та «Бөген» су қоймасының бұзылудың аз-ақ алдында тұрғанына алаңдатушылық білдірген болатын»,- дейді Балабаиев. 

Түркістан облысы әкімдігінің қарамағындағы Ордабасы ауданындағы стратегиялық маңызы бар  «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биіктігі – 19,3 метр.

«Бұл су қоймасы «Бөген» елді мекенінен 25 метр биіктікте орналасқан, сыйымдылығы 370 млн шаршы метр, облыстың бес ауданына су береді және 120,0 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді.Сондай-ақ, 57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан оның бөгеті мен жағалауы тозып,  бүгінде апаттық күйге жеткен. Су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары да су мамандары емес екен. Қазіргі кезеңде «Бөген» су қоймасында 349,1 млн текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млн текше метрге аз»,- деп отыр депутат.

Ал көктем кезінде қоймаға су көптеп жиналған жағдайда ескірген бөгет ол мөлшерді ұстап тұруға қауқарсыз. 

«Сол себепті қойманы қиратып алмау үшін су деңгейін төмендетуге мәжбүр. Ал бұл егін науқаны кезінде ағын судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Судың тапшылығына байланысты егін көлемі де айтарлықтай азаяды, ал өнім аз болған жерде  жалпы өңірлік өнім көлемі өте төмен болады. 2024 – 2026 жылдары республика бойынша 20 астам су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарлануда»,- дейді ол. 

Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары  Қанат Бозымбаевтан төтенше жағдайды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қауіпті жағдайда тұрған «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсыруды сұрады.  

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.