Адам құтқаруға аттанатын санавиация ұшағы кәдімгі АИ-95 бензинін құйып жүр – депутат

Автор: Аубакирова Нургуль

Мәжілісменнің айтуынша, санавиациядағы ұшақтардың қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев отандық санавиация саласындағы проблемаларды көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сәрсенғалиев премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында «медицинадағы тағы бір сұмдықты» сөз етті. Айтуынша, біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек.

«Сөз санавиация туралы. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы сол. Аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме деп қорқады енді қарапайым ел. Хош, Қостанайда суға қонамын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты. Қазбалап кеп жібергенде жантүршігерлік жайттар әшкере болды. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұшағының еншісінде», - дейді депутат.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында «медицина қызметкерлері ең озық медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық ресурспен қамтамасыз етілуі керек» деп нақты жазылған. Медицина үшін ауадай қажет осы түйткілді шешуі тиіс уәкілетті мемлекеттік органдардың ісінде нақты нәтиже жоқ. Бұл проблеманы біз үнемі назарымызда ұстайтынымызды ескертеміз деп мәлімдеді Сәрсенғалиев.

Мәжілісмен былтыр санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалғанын атап өтіп, осы саладағы сорақылықтарға тоқталды.

«Біріншіден, Қазақстандағы санавиацияда қолданылатын АН-2 Кеңес кезінде, яки 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ. Ал ЯК-40 1966-1981 жылдары құрастырылған әуе көлігі. Ойлап көріңіз, табиғи байлықтың бәрі табанының астында жатқан еліміздің санитарлық рейстерінде орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтар ұшып жүр. Ең сорақысы Қазақстанның санавиациядағы АН-2  ұшақтары АИ-95 маркалы автомобиль бензинімен ұшып жүр. Ойлап көріңіздер, аспанмен адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін автокөліктің жанармайын құйып жүрген ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апаттарға ешкім таң қала қоймас», - дейді ол.

Айтуынша, Қазақстандағы санавиация апаттарының тең жартысы осы ескі ұшақтардың еншісінде.

«2023 жылы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» шалғайдағы науқасқа жедел жету үшін 11 әуе компаниясымен шарт жасасқан. Бірақ соңғы 4 жылдағы ұшулардың 70 пайызы АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен жүзеге асқан. Шалғайда қалып, жаны мұрнының ұшына келген отандасқа ескі-құсқы ұшақ құламай жеткеннің өзінде көмек кеш барады. Себебі АН-2 санавиациядағы басқа әуе көліктерінен 1-1,5 сағатқа ұзақ ұшады. Мысалы, АН-2 4 сағатта жететін жерге, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан ЕС-145 тікұшағы 2,5 сағатта жетеді. Соған қарамастан ескі ұшақтардың тарифі жыл санап өсіп барады. Мысалы, 2015 жылы АН-2 ұшағының 1 сағаттық ұшу тарифі – 219 250 теңге болса, былтыр – 328 мың теңгеге жеткен», - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, медицина саласының мамандары науқас халыққа әдейілеп жайбасар, ұшып-қонуы қауіпті ескі ұшақпен бармайды, оған ұсынылған нұсқадағы ең арзан тарифті таңдау туралы тәртіп себеп болып тұр. Былтыр санитарлық авиация көліктері 2323 рет әуеге көтерілген, осыдан-ақ аталған қызметтің Қазақстанда қаншалықты сұранысқа ие екенін көруге болады. Қазірдің өзінде санитарлық авиацияға мұқтаж азаматтарымыздың бәріне бірдей көмек жетпей жатыр.

Осыған байланысты депутат үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:

  1. Санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек. Оның орнына әлемдік стандартқа сай заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды пайдалану қажет.
  2. Санитарлық авиацияға қажет ұшақтарды ұсынатын әуе компанияларымен шарт жасасқанда ең арзан тарифті бекіту туралы тәртіпті қайта қарау керек. Әйтпесе ескі ұшақтардан құтыла алмаймыз, ал бұл онсызда ауыр дертке шалдыққан адамды азаптау болады.
  3. Алдыңғы ұсыныстар жүзеге асқанша қазір еліміздің санитарлық авиациясында ұшып жүрген АН-2 ұшақтарына авиациялық жанармай құюды қамтамасыз ету керек. Себебі автокөліктің бензинін құйған ұшақтың алысқа ұшпайтынына көз жетті, деп түйіндеді сөзін мәжілісмен.