Елорда колледжі жатақханадағы сұмдық жағдайды жоққа шығарды

Темірхан Айжан

Колледж әкімшілігінің жазуынша, желіге тараған бейнежазба - ескі 

Елорда колледжі жатақханадағы сұмдық жағдайды жоққа шығарды
Фото: Istockphoto

Астана қаласының кәсіптік-техникалық колледжі тарақан мен тышқан қаптаған жатақхана туралы бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Колледж әкімшілігінің жазуынша, бейнежазба ескі, ол 2022 жылы желіге тараған.

«Студенттердің қышыма ауруына шшалдыққанына келетін болсақ, 2024 оқу жылы 15 қаңтарда жеке гигиена тазалығын сақтамаған екі студент қышыма ауруына шалдықты. Колледждің медбикесі оларды арнайы жақпа маймен емдеп, карантинге жатқызды», - делінген хабарламада.

Оқу ордасының хабарлауынша, кәсіптік-техникалық колледж жатақханасында ай сайын жалпы санитарлық дезинсекция және дезинфекция жүргізіледі.

«2024 жылғы 30 мамырға колледж жатақханаларын, оның ішінде жертөле үй-жайларын толық дезинфекциялау жоспарланған», - деп жазылды хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін тараған видеода студенттердің тарақан мен тышқан өріп жүретін жатақханада тұрып жатқаны, соның кесірінен адамдардың қышыма ауруына шалдығып жатқаны айтылған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.