100 жасында отау құрған америкалық ерлі-зайыпты Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін

Автор: Нұргүл Абай

Олар қарттар үйінде танысқан

Фото: foxnews.com

АҚШ-тың Филадельфия қаласында 100 жастағы Берни Литтман мен 102 жастағы Марджори Фитерман шаңырақ көтерді. Олар ең қарт жұп ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кіруге өтініш берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Anadolu Ajansı басылымына сілтеме жасап.

Берни Литтманның немересі Сара Зичерманның айтуынша, атасы бұрын музыкант болған, бірінші әйелімен 65 жыл бірге тұрған. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін ол қарттар үйіне көшіп, осы жерде Марджори Фитерманмен танысқан.

Фитерманның да алпыс жыл отасқан күйеуі өмірден озған.

Бір қызығы, Литман мен Фитерман бұрын бір университетте оқыған, алайда студент кездерінде бір-бірін танымаған.

Берни Литтман мен Марджори Фитерманның көңіл жарастырғанына тоғыз жыл болыпты.

«Атамыз үйленгісі келетінін айтқанда, бәріміз қатты таңғалдық. Кішігірім рәсім жасаймыз деп едік, ресми түрде некемізді қиямыз деп көнбей қойды, сөйтіп үйленді», - дейді қарияның немересі.