Мәселелер жұмыс тәртібі бойынша қаралуы керек
Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов Құлсарыдағы митингке шыққан халықтың қандай-да бір жанжал шығару ниеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен оны жанжал деп есептемеймін. Адамдар өзінің қалауын, пікірін айтуға шықты. Ауданның әкімі өтемақы төлеу бойынша қазіргі күні қабылданған шараларды түсіндірді. Мәселелер жұмыс тәртібі бойынша қаралу керек деп есептеймін», - деді ол.
Сенатор зардап шеккен халықтың талап-тілегі назарға алынады деп сенеді.
«Әрине, адам бласы болған соң көбірек алғысы келеді. Бірақ мемлекеттің мүмкіндігі дегенді де ұмытпауымыз керек. Мемлекет қолынан келгенше көмегін береді. Қойылып отырған талаптарды зерделеу керек. Бүкіл мәселе шешіледі. Билік пен халық арасында қандай-да бір мәмілелер болады деп үміттенемін», - деді сенатор.
Еске салсақ, су тасқанынан қатты зардап шеккен Құлсары тұрғындары митингке шығып, өтемақыны қолма-қол беруді талап етуде.