Қазақстан сауда нарығында заңсыз делдалдардың қызметі жүріп тұр - депутат
Ұлттық аккредиттеу органындағы аккредиттеу және тексеру аудиттерінің бағасы соңғы жылдары бірнеше есе өскен
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Дүйсенбай Тұрғанов техникалық реттеу саласындағы заңнамада өнімді ұсынатын дайындаушылардың, импорттаушылардың, дайындаушылар уәкілеттік берген адамдардың құқықтары мен міндеттері тиісті дәрежеде реттелмегенін айтты.
2024 жылғы 7 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ЖІӨ-ді жыл сайын кемінде алты пайызға өсіру жөнінде міндет қойды. Өз кезегінде Үкімет отандық өнеркәсіп алпауыттарына қазақстандық тауарларды, қызметтерді сатып алуды арттыруды жүктеді.
Оның сөзінше бүгінде Қазақстанда өнім мен қызметтерге заңсыз сертификат берушілер жетерлік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Техникалық реттеу туралы» Заңға сай, сәйкестікті растау органдары мен сынақ зертханаларына нарықта тұтынылатын өнімнің міндетті талаптарға сәйкестігін анықтау мемлекеттік функциясы берілді. Осыдан кейін жүздеген жаңа зертханалар құрылды. Қыруар қаражат бөлінді. Алайда, 2019-2023 жылдары сәйкестікті растау органдарының саны 2 есеге, атап айтқанда 179-дан 75-ке дейін азайды. Аккредиттеу субъектілерінің жалпы саны 1650-ден 1630-ға дейін түсті»,- деді ол.
Депутат айтқандай, бұл техникалық реттеу саласына делдалдық қызметтің теріс әсер етіп отырғанын көрсетеді.
«Техникалық реттеу саласындағы заңнамада органдардың қызметі нақты регламенттелген, бірақ өнімді ұсынатын дайындаушылардың, импорттаушылардың, дайындаушылар уәкілеттік берген адамдардың құқықтары мен міндеттері тиісті дәрежеде реттелмеген. Өтініш берушілердің құқықтары мен міндеттері қажетті деңгейде реттелмегендіктен, салада әртүрлі делдалдардың пайда болуына әкеп соғады. Олар сертификаттау бойынша қызметтерді заңсыз ұсынады. Бүгінде Қазақстан нарығы заңсыз делдалдардың қызметіне жүгінеді. Оған жақында Қырғыз Республикасының сәйкестігін растайтын органдар берген сертификаттар айқын мысал бола алады. Делдалдар қызмет көрсету жүйесін өте жақсы біліп алған, олар «заңсыз сертификат» бергені үшін жазалабайды. Делдалдардың мұндай қызметі техникалық реттеудің Ұлттық жүйесіне нұқсан келтіреді, өнімнің, қызметтің қауіпсіздігіне нақты баға берілмейді, сарапшы-аудиторлар, өтініш берушілердің арасында сыбайлас жемқорлық өсіп барады. Өз өнімін, қызметін сертификаттау шығынын азайту үшін өтініш беруші бірінші басшылар бұған үнсіз келіседі», - дейді Тұрғанов.
Сонымен қатар, депутат Ұлттық аккредиттеу органындағы аккредиттеу және тексеру аудиттерінің бағасы соңғы жылдары бірнеше есе өскенін атады. Ол техникалық реттеу жүйесін одан әрі дамыту үшін бірнеше мәселені ортаға салды:
1) өнімді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді сертификаттау рәсімін жүргізу үшін аккредиттеу субъектілерінің атына ұсынатын құжаттарды бұрмалағаны үшін өтініш берушіні тікелей әкімшілік жауапкершікке тарту;
2) өтініш берушінің өнімнің сәйкестігін растауды жүргізуді қамтамасыз етуден басқа, аккредиттеу субъектілерімен тиіс тиісті шарт жасап, оны уәкілетті органға бекітуге беруге міндеттеу;
3) өнімдерді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді сертификаттау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үлгілік шартқа өнімге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге тиісті сертификатты кері қайтарып алуға, тоқтата тұруға әкелген Техникалық реттеу туралы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін өтініш берушінің материалдық жауапкершілігі туралы нормалар енгізу.