Алматыда алаяқтар зейнеткердің үйін өз атына аударып алған

Автор: Azattyq Rýhy

66 жастағы азамат ұйымдасқан бір топ адамның жалған нотариусқа апарғанын айтады

Фото: almaty.tv

 «Алаяқтар жалғыз баспанамды тартып алды». Осылай деген алматылық зейнеткер үйін өртеп жібермек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

66 жастағы азамат ұйымдасқан бір топ адамның өзін алдап, жалған нотариусқа апарғанын айтады. Енді сот орындаушылары үйді босатсын деп қыстап жатыр екен. Бәлеге қалдым деген ақсақал әділ тергеу өтіп, үйімді қайтарып алсам дейді.

Жалғызбасты зейнеткер ойланбай от бастым, отбасымның ұйытқысы болған баспанамды бәзбіреулер алдап, атына аударып алды деп кейіді. Ол аздай дүние-мүлкімді де сеніміме кіріп алып, сауатсыздығымды пайдаланып, алып кетті дейді. Енді күні кеше сот орындаушылар келіп, үйді босат деген көрінеді. Ал мына бейнежазбаны сол күні куәгерлер түсіріп алыпты.

«Үйдің ішіндегі заттың бәрін жинап, тиеп қойды. Шығарып алып кетеміз деп. Сол кезде өзімді өлтіремін дедім. Үйді алып алған адамдар қашып кетті», – деді арызданушы Әбдуәли Тохтаниязов.

Қарияның қорғаушылары «Құжат тілін меңгерген әккілер зейнеткерді ұзақ уақыттан бері назарға алып, зерттеген» деген пікірде. Олардың сөзінше, бұл іске арызданушының азаматтық некедегі әйелінің де қатысы болуы мүмкін. Азаматтардың айтқанына сенсек, ол мұрагерлікке қалған қомақты қаржыны алу үшін үйді кепілге қою керек деп, азаматтың басын айналдырған көрінеді.

«385 мың доллар мұрагерлік ақша қалдырылды деген мәліметті бұл кісілерге тек қолхат ретінде компьютерден шығарып берген. Негізі ол жалған ақша, ондай ақша жоқ. Кейін ол жерге іздеп барса, ешқандай да нотариус жоқ, олар бір бөлмені жалдаған болса керек», – деді адвокат Гүләйым Шынтаева.

Ең сорақысы, әккілер қария үйді кепілге қойған күні, 55 миллион теңге алдым деп қолхат жазғызып алады. Бірақ оны шағымданушы қалай жазғанымды өзім де білмеймін деп отыр.

Бүгін осы іске қатысты Алатау ауданында үйдің сатып-алу мәмлесіне қатысты қайта қарау сот отырысы өтті. Егер үйді басқа азаматқа аудару кезінде құжаттық қателіктер дәлелденсе, қарияны әзірге үйден қуып шыға алмайды дейді. Бірақ қазір барлық құжаттық дәлел қарсы тараптың пайдасында тұр дейді қорғаушылар. Соны негізге ала отырып сот орындаушылар үйді босатпақ болған.

«Не істеймін мен енді? Өртеймін бәрін. Мен онда қайда барамын? Далаға шығып отыруым керек пе? Алаяқтар менен бөлек 32 адамды алдап кеткен», – деді арызданушы Әбдуәли Тохтаниязов.

Алданғанын кеш аңғарған азамат Алатау ауданы полициясына да арыз қалдырған. О баста іс байбаламға салынып, мүлде қозғалмады дейді зейнеткер. Тіпті тергеуге де шақырылмадым деп отыр. Алайда полиция басқармасы істің назарда екенін айтады.

«Аталмыш дерек бойынша Алатау ауданы ПБ190-бабының 3-тармағы бойынша яғни аса ірі көлемде  бірнеше  рет алаяқтық дерегін жасау фактісі  бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер және тиісті тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Зейнеткер маған зиян келтіргендер енді қорқытуға көшті деп отыр. Тіпті, арызыңды қайтып ал деген хаттар да келеді дейді ол. Әзірге қарияға тергеу нәтижесін күтуден басқа амал жоқ7