Министр қираған қораларды қайта салып беру мәселесін өкілетті органдар қарастыруы керек екенін айтты
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су басқан елді мекендерде қираған қора-қопсы мемлекет есебінен қалпына келтіріле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министр тасқын судың астында қалған қораларды мемлекет есебінен қалпына келтіру қажет пе, жоқ па деген сұраққа дәл қазір жауап бере алмайтынын айтты. Өйткені бұл мәселені өкілетті органдармен қарастыру қажет. Десе де шенеунік құжаттары бар қораларға ақша бөлуге болады деп санайды.
«Тіркеуі бар, құжаттары түгел, пайдалануға берілді деген актісі бар қораларды қалпына келтіруге қаржы бөлуге болады. Ал құжаты жоқ тұрғындардың мәселесін қарастыру қажет. Бәлкім, әкімдіктердің қор немесе демеушілер арқылы шығынды өтеуге мүмкіндіктері болатын шығар», - дейді Сапаров үкіметте өткен брифингте.