Президенттің қолынан медаль алған жас полицей: ұялы телефоныма таңнан бері маза жоқ
24 жастағы тәртіп сақшысы апалы-інілі екі баланы ажалдан арашалап қалған
Мемлекет басшысының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған полиция қызметкері Әділ Құсман бүгінгі күннің әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
24 жастағы Әділ Құсман – Абай облысының полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы. Құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніне бір жарым жылдан асқан. Биыл қыста ол әріптесімен бірге екі баланы өрттен аман алып қалды. Өз басын қатерге тіккен семейлік полицейді 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі марапаттады.
«Президенттің марапаттайтынын бір ай бұрын естідім. Шыны керек, алғашында сенген жоқпын. Астанаға барып, мемлекет басшысының қолынан марапат аламын деген сезім мүлде болмады. Тек бүгін Ақордаға кіретін кезде ғана сезіле бастады. Былай қарап тұрсаңыз, марапат алу оңай нәрсе секілді, бірақ, біраз қобалжығаным рас»,- деп ағынан жарылды Әділ Құсман.
Арнайы жасақтың инспекторы президенттің қолынан алғаш рет марапат алып отыр.
«Бүгінгі күннен алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Ерекше сезім. Отбасым да, жақындарым да қуанып жатыр. Ұялы телефонға таңнан бері маза жоқ. Бәрі құттықтап, хабарласып жатыр», - дейді ол.
Семейлік полицей «Ерлігі үшін» медалін қандай батырлығы үшін алғанын айтты.
«Бұл оқиға биыл қыста болды. Әріптесім екеуіміз қызмет бабымен сыртта жүрген едік. Бір кезде көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтер жанып жатқанын көрдік. Өрт сөндірушілердің келгенін күтпей, дереу ішке кірдік. Отқа оранған пәтерде кәмелетке толмаған қыз бен оның інісі болды. Екеуін тез арада далаға алып шықтық. Үйде газ баллоны бар екен, өрттен жарылып кетпесін деп оны да сыртқа шығардық», - деп еске алды сол күнді Әділ Құсман.
Осы оқиғадан кейін екі адамның өмірін құтқарған полицейлерді облыстық полиция департаменті марапатқа ұсынған.
«Өз басым мұны ерлік деп санамаймын, өйткені бұл біздің жұмысымыз, міндетіміз. Біздің орнымызда кім болса да солай әрекет етеді деп ойлаймын. Бізге оқыс жағдайда тез шешім қабылдап, іс-қимылға көшуді ұстаздарымыз, командирлеріміз үйреткен. Сол үшін оларға алғысымды айтамын», - деді жас инспектор.
Әділ Құсман құқық қорғау органдарында істейтін барша әріптесіне «қызметінің жемісін көріп, жұлдыздарының өсе бергенін» тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен еліміздің бір топ азаматы мемлекеттік наградамен марапатталды.