Байжанов ағасының қылмыс жасағанын білмегенін айтып, Ант етті
Астанада өтіп жатқан сотта Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырды деп айыпталған сотталушы Бақытжан Байжанов соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Байжанов Салтанат өлген күні туысының ауыр қылмыс жасағанын білмегенін айтты.
«Мен білген жоқпын, ант етемін. Егер білсем, осы әрекеттердің бірде бірін жасамайтын едім. Менің әрекеттерім қылмысты жасыру ретінде қабылданатынын түсінбек түгілі болжаған да жоқпын. Егер мен шынымен саналы түрде жантүршігерлік қылмыстың ізін жасыруға көмектессем, онда мен өзімді қорғамайтын едім, өз-өзімді кешірмейтін едім», - деді сотталушы.
Ол алқабилерден үкім шығарар алдында «Байжанов қылмыс жасалғанын білді ме?» деген басты сұраққа жауап табуды өтінді. Себебі, оның айтуынша, тергеушілер де, прокурорлар да бұл сұраққа жауап бермеді.
«Бар үмітім – сіздерде», деді Байжанов алқабилерге.
Ол Салтанаттың өте мейірімді, ашық, шынайы адам болғанын еске алды.
«Салтанаттың отбасы мен жақындарының қайғысын ешқандай сөзбен жеңілдете алмайсың. Егер осы қайғыны жеңілдетуге қандай да бір мүмкіндік болса, мен жазаны өтеуге дайынмын», - деді Байжанов.
Сотталушы марқұмның отбасы мен туыстарынан тағы бір мәрте кешірім сұрады.
«Салтанаттың отбасына, жақындарына шын көңілден қайғырып көңіл айтамын. Кешірім сұраймын. Салтанаттың жатқан жері жайлы болсын. Иманаты саламат болсын», - деді Байжанов.
Байжановқа Қылмыстық кодекстің 432-бабы «аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу» бойынша айып тағылған.