Алматыда теміржол рельстерін сатып жіберген күдіктіге қатысты сот отырысы өтті
Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, бүгін жарыссөзі басталды
Алматыда теміржол рельстерін ұрлап, сатып жіберді деп күдікке ілінген айыпталушыға қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алматы телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақстан теміржолы жүк тасымалы филиалының Алматы пайдалану локомотив депосындағы кезекті тексеріс кезінде металл сынықтарының жетіспейтіні анықталған. 55 тоннадан астам темірді талан-таражға салды деген күдікке депо басшысы ілініпті. Лауазымды қызметкерден рельстерді мен сатып алдым деп куәлік еткен азамат та бар екен. Бүгін аталған іске қатысты сот отырысында жарыссөз басталды. Алдымен мемлекеттік айыптаушы сөйледі.
«Куәгер Асановтан жауап алу кезінде ол теміржол рельстерін Алматы пайдалану локомотив депосының басшысы Төлекпаевтан сатып алғаны туралы айтып көрсеткен. Сот экономикалық зерттеу сараптамасының қорытындысымен металл сынықтарының жетіспеушілігі сомасы 2 млн 880 мың 100 теңгені құрайтыны анықталды. Жедел тергеу нәтижелерінің зерттеу туралы хаттамасында Асанов теміржол рельстері үшін 6 миллион теңге бергенін айтып көрсеткен», – деді мемлекеттік айыптаушы Айдос Палманов.
Алайда айыпталушы тараптың адвокаты прокурормен келіспейтінін айтты. Қорғаушының айтуынша, куәгер мен сотталушының арасында араздық бар. Сондықтан жалған куәлік етуі әбден мүмкін. Күдікті де кінәсін мойындамайтынын айтып, адвокаттың сөзін растап отыр.
«Бұл кісі «мен кінәлі емеспін» деп шырылдап айтып келе жатыр. Ол ақша алмағанын айтты. Екеуінің арасында жанжал болғанын айтып, оны қуып шыққан. Ал ол сес көрсетіп кеткен», – деді айыпталушы тараптың қорғаушысы Марат Асқарбеков.
Прокурор айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары сынды бірнеше лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айыру туралы өтініш білдірді.
Айта кетейік, сотталушы 40 жылдан астам уақыт теміржол саласында қызмет еткен. Енді ол келесі сот отырысында соңғы сөзін айтады.