Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 7 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілді

Автор: Аманалина Тоғжан

Бөгеттерді нығайту, су басқан аумақтардан су сору жұмыстары жалғасып жатыр

Фото: istockphoto.com

Еліміздің су тасқынынан зардап шеккен өңірлеріне 7 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Атырау облысының Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг, бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғастырылуда. Өткен тәулікте Құлсары қаласында 150 мың текше метр су сорылды. Қалған су басқан 216 үйден су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының Зубовск кентінде 18 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Бөгеттерді нығайту, су басқан аумақтардан су сору жұмыстары және өзеннің су деңгейіне мониторинг жалғасып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысының Петропвал қаласы мен Қызылжар ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғастырылуда. Өткен тәулікте жылжымалы сорғы станциялары мен мотопомпалардың көмегімен су басқан 356 үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды, барлығы 27 мың текше метр су сорылды», - делінген хабарламада.

ТЖМ мәліметінше, Республика бойынша 8 189 тұрғын үй мен 2 988 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 

Өңірлерге әуе, теміржол және автокөлікпен 7 мыңға жуық тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.