Мәжіліс депутаты 2015 жылы оқу орнын бітірген медицина мамандарының мәселесін айтты
Елімізде медицина мамандары тапшы екені анық. Дей тұрғанмен, 2015 жылы «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «медициналық-профилактикалық іс» факультеттері бойынша тәмамдаған түлектер не дәрігер, не медицина саласындағы ұстаз лауазымын ала алмай, екі ортада қалған. Ең өкініштісі, дәл осы жылы аяқтаған түлектер пандемия кезінде науқастарды емдеуде еңбегін сіңірген ақ халаттылар. Осылай деген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова мұндай әділетсіздіктің себебін де атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Оған себеп: Денсаулық сақтау министрінің бір жыл бұрын (2014 жылы) шығарған бұйрығына сәйкес, біліктілігі мен жалақысына қатысты нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер еніп, медициналық университетті бітірген осы факультеттердің түлектері қазір дәрігер лауазымына теңестірілмейді. Салдарынан, біліктілігі мен жоғары медициналық біліміне қарамастан, мұндай қызметкерлер аз жалақы алады. Өкінішке қарай, дәл осы лауазымдағы өзге қызметкерлермен тең жұмыс істесе де, аз жалақы алғандықтан, төлемнің теңсіздігі тіркеліп отыр», - деді Гүлдара Нұрымова.
Медициналық ұйымдардағы жоғары биологиялық білімі бар зертхана мамандары да осындай жағдайға тап болып отыр.
«Еліміздің медициналық ұйымдарының зертханаларының шамамен 70 пайыз (бұл 1 168 қызметкер) жоғары биологиялық білімі бар мамандар құрайды, олар зертханашы-дәрігерлермен бірдей функционалдық міндеттерді толық орындайды, яғни дәрігердің 100 пайыз жұмысын орындайды, зертханалық диагностика саласындағы практикалық дағдылары мен құзыреттеріне толық ие. Олардың көпшілігі бір кездері медициналық жоғары оқу орындарының жанындағы дипломнан кейінгі білім беру базаларында зертханалық диагностика бойынша бастапқы кәсіптік қайта даярлаудан өтті, ондаған жыл бойы дәрігер-зертханашылар болып жұмыс істеді, мол тәжірибесі бар. Бірақ аталмыш бұйрықтан кейін олардың жұмысы зертханалық дәрігердің ставкасынан техникалық қызметкерлердің жалақысы бар зертхана маманының ставкасына ауыстырылды», - деді Гүлдара ханым.
Олардың тәжірибесі мен медицинаға қосқан үлесін ескере отырып, әсіресе, пандемия кезінде атқарған жұмысын еске алып, депутат әділетсіз жағдайдың тіркелгенін айтты.
«Олардың ішінде «Биомедицина», «Биология», «Медициналық - биологиялық іс», «Биотехнология» факультеттерінің түлектері бар. Алайда, бұйрыққа сәйкес олар медицина қызметкерлеріне де, биология мұғалімдеріне де жатпайды», - деді депутат.
«Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес, зертхана қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Биологиялық тәуекелдердің деңгейін, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларын, кәсіптік ауруларды алу қаупінің жоғарылауын ескере отырып жүргізілуі тиіс.
«Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Медициналық-профилактикалық іс» факультеттерінің түлектері мен клиникалық зертханалық диагностика саласында медициналық емес білімі бар зертхана мамандары үшін біліктілік талаптары мен стандарттарын әзірлеу және бекітуді ұсынамыз. Бұйрық шыққанға дейін осы лауазымда жұмыс істеген зертхана мамандары үшін «дәрігер-зертханашы» лауазымын қалпына келтіруді талап етеміз», - деді депутат.