$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Су тасқынынан зардап шеккендердің бәрі біржолғы төлемді ала алмайды – депутат

Мәжіліс депутаты оның себептерін айтып, құжатқа өзгеріс енгізуді талап етті

Су тасқынынан зардап шеккендердің бәрі біржолғы төлемді ала алмайды – депутат
Фото: parlam.kz

Табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтардың бәрі біржолғы төлемді алуы тиіс. Алайда, әлеуметтік көмек алуға кедергі келтіретін құқықтық олқылықтар бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының өкілі Дмитрий Колода мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол құжаттың 23-тармағында «табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтар санаты үшін «әлеуметтік көмек беру әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс аймаққа кеткен жағдайда тоқтатылады» деп жазылған.

Ал, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында «осы ауқымды су тасқыны салдарынан мыңдаған адам өз мүлкін жоғалтты, табыс көзінсіз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдаудың атаулы шараларын қабылдауда. Зардап шеккендердің барлығы біржолғы төлем алады» деді.

Су тасқыны басталғаннан бері «AMANAT» партиясының депутаттары табиғи апат болған өңірлерге барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен кездесу барысында жедел шешуді талап ететін өтініштер келіп түскен. Үкіметтің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидалары бекітілген.

«Азаматтар мұқтаждар санатына табиғи зілзала немесе өрт салдарынан мүлкіне зиян келген жағдайда енгізіледі. Алайда, Үлгілік қағидалардың 23-тармағына сәйкес, әлеуметтік көмек беру әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс аймаққа кеткен жағдайда тоқтатылады. Айта кету керек, бірінші кезекте табиғи апат немесе өрт болған кезде, ең алдымен, мүлік зардап шегеді», - деді депутат Дмитрий Колода.

Осы Үлгілік қағидалардың негізінде жергілікті атқарушы және өкілді органдар табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтар үшін әлеуметтік көмектің шекті мөлшерін және оны алу критерийлерін белгілеп, бекітті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының шешімімен Петропавл қаласының аумағында тұрақты тұратын және тіркелген адамдарға ғана қолданылатын ережелер бекітілді. Су тасқынымен қамтылған басқа өңірлердегі жағдай да осындай. Мысалы, Ақтөбе облысының Мұғалжар және Қобда аудандары, Қостанай облысының Амангелді, Жангелді және Қостанай аудандары, Батыс Қазақстан облысының Сырым, Теректі және Қаратөбе аудандары және тағы басқа.

«Осылайша, мүлкі дүлей зілзаламен қамтылған аумақта орналасқан, бірақ су тасқыны аумағында тіркелмеген азаматтардың мүлкі бүлінген кезде іс жүзінде әлеуметтік көмек алуға құқығы жоқ. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада меншік құқығы меншік иесін өз мүлкінің орналасқан жері бойынша тіркелуге міндеттемейді. Сондықтан, табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтар санаты үшін «алушының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс тұрақты тұруға шығуы» әлеуметтік төлемдерін тоқтату үшін негіздемені алып тастай отырып, Үлгілік қағидаларға өзгерістер енгізуді талап етеміз», - деді депутат Дмитрий Колода.

Серіктес жаңалықтары