Нұр-Сұлтанда жұмысы қайта басталған нысандарда санитарлық талаптар орындалып жатыр ма

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін елордада карантинге жабылған алғашқы нысандар ашылды

Елордада төтенше жағдайға байланысты жабылған кейбір мекемелер мен шағын бизнес орындары біртіндеп ашыла бастады.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен, 20 сәуірден бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің тізімі бекітілді.

Нұр-Сұлтанда атап айтар болсақ:

  • өнеркәсіптік кәсіпорындар;
  • құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері;
  • көлік, қоймалау салаларындағы компаниялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар;
  • автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу;
  • екінші деңгейлі банктер сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін штат санының 50%-ын шектеумен, нотаруистер алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді;
  • қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы тек өзімен алып кету және жеткізу қызметімен сағат 22:00-ге дейін ұзартылады.

Осылайша, бір айдан астам уақыт есігіне құлып салынған кейбір нысанның жұмысы қайта жандана бастады. Алайда, елордада жұмысын қайта бастаған кәсіпкерлік субъектілер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтап отыр ма? Бұл жағдайды Azattyq Rýhy тілшілері баяндайды.