Қазіргі таңда елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 22 мыңнан асады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айна Мүсірәлімова Қазақстанның қамқорлық органдарында қызметкерлер неге жетіспейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың дерегіне сүйенсек, қазір елімізде 22 081 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Соның ішінде 18 291 баланы Қазақстан азаматтары тәрбиелеп отыр: қамқорлыққа алынғандар – 16 197, патронаттық тәрбиеде – 1743, ал 351-і бала асыраушы отбасыларда.
Ал қамқорлық органдарында небәрі 417 маман қызмет етеді, олардың 262-сі мемлекеттік қызметкер, 155-і әдіскер. Яғни елімізде бір қызметкерге 17 мың баладан, ал Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан облыстарында отыздан 100 мың балаға дейін келеді.
Бұдан қоса, қамқорлық органдарының мамандары өз қызметінен тыс функцияларды да атқарады.
«Олар ұзаққа созылатын сот істеріне қатысады, қызметтік көлігі, корпоративтік байланысы мен видеофиксациясы жоқ. Жұмыс күні де реттелмеген, соған қарамастан түнгі уақыттағы, демалыс мен мереке күндеріндегі жұмысына ақы төленбейді. Олардың қауіпсіздігімен байланысты да мәселелер бар. Себебі отбасылармен жұмыс істегенде қоқан-лоққы көрсетеді, қуғындайды, ұрып-соғады, тұтқынға алады», - дейді депутат.
Осыған байланысты Мүсірәлімова үкіметке жетім балаларға қатысты мемлекеттік шараларды түбегейлі қарастыруды ұсынды. Қамқоршылық органдарының қызметкерлерін көбейтуді және жұмыс уақытынан тыс уақыттағы қызметі үшін ақы төлеу мәселесін шешуді ұсынды.