$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.05.2024, 17:50
Қоғам

Шаруалар сүтті далаға төгуге мәжбүр – депутат

Қазақстанның сауда орындарында шетелден импортталған сүт өнімдері көп

Шаруалар сүтті далаға төгуге мәжбүр – депутат
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов сүт саласын дамыту стратегиясын қайта қарастырып, сүтті терең өңдейтін жаңа өндірістерді тездетіп іске қосу керек деп санайды. Бұл туралы ол үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат қазір елімізде жүздеген сүт-тауарлы ферма құрылысы бойынша «Үлкен инвстициялық жоба» іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Бұл мақсатқа былтыр республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінген, агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобаларға дәл осындай сома бес жыл бойы бөлу жоспарланып отыр. Бұған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл халқына жеңілдікпен несие беруге, сондай-ақ мал шаруашылығы саласындағы жобаларға жыл сайын 100 млрд теңге бөлінеді», - деді Әшімбетов.

«AMANAT» партиясына осы бағдарламаның қатысушылары жүгінген. Олар дайын өнім – тауарлы сүтті сату кезінде қиындықтарға тап болған. Мәселен, Павлодар облысында «АндасАгро» ЖШС 1 200 басқа есептелген сүт-тауарлы ферма салған, алайда өңдеуші кәсіпорындардың сүтті қабылдаудан бас тартуына байланысты Еуропадан мал әкелуді тоқтатуға мәжбүр болып отыр.

«Солтүстік Қазақстан облысында да осыған ұқсас жағдай. Ұсақ фермалардың иелері сұраныс болмағандықтан сүтті далаға төгуге мәжбүр болған. Өкінішке қарай, мұндай фактілер біраз жерде кездеседі. Яғни, көріп отырғанымыздай, сүт саласына құйылып жатқан мемлекеттік және жеке инвестициялар босқа кетуі мүмкін», - деп алаңдады депутат.

Айтуынша, қазіргі таңда дүкендерде шетелден, әсіресе өнімдері Еуропа нарығында санкцияға іліккен Ресей мен Беларусьтің тауарлары көп. Қазақстан нарығын жаулау үшін көрші елдердің кәсіпкерлері демпингке оңай барады, соның салдарынан отандық компаниялар шығынға батып жатыр.

Отандық өндірушілер мен сүт өңдейтіндердің қаржылық және экономикалық жағдайының нашарлауына байланысты партия депутаттары үкімет тез арада кешенді шаралар қабылдауы қажет деп санайды. Атап айтқанда, олар сүт саласын дамыту стратегиясын қайта қарастырып, шикізатты терең өңдейтін жаңа өндірістерді іске қосуды, сондай-ақ дайын сүт өнімдері өндірісін субсидиялауды, сүт өндірушілерін қосылған құн салығынан босатуды ұсынды.

 

 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Сүт #депутат