«Ұят емес пе?!»: Депутат туристерді «шошытатын» автобустарды жаңарту керек дейді
Кәсіпкерлерге өз ақшасына сырттан автобус әкелу тиімді емес
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев елдегі туризмді дамыту үшін отандық автобус паркін жаңартуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат елдегі туризмге көңілі толмайтынын жасырмады. Оның айтуынша, Қазақстанның туризмі – тұрпайы, жолдары жұпыны, жарығы мен байланысы, сервистік қызметі жоқтың қасы. Соның салдарынан туристер табиғаты тамаша аумақтардың игілігін көре алмай келеді.
«Өзге елдерде екі қабатты автобус, комфорт такси, лайнермен круиз жасатып жатқанда, бізде дала тұрмақ, қалалар жаңа автобустарға жарымай жатыр. Автопарктер әбден ескірген», - дейді ол премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат атап өткендей, елімізде жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың 66 пайызы тозған, қызмет ету мерзімі 20 жылдан асқан, ал пайдалануға жарамсыз санаттағы автобустардың үлесі 36 пайыздан асады. Дамыған елдерде автобустардың орташа қызмет ету мерзімі – небәрі 5-7 жыл.
«Еліміздегі туризм дамыған аймақтар – Алматы мен Түркістан қалаларында және облыс орталықтарында автобустар жетіспейді. Ескірген автобустар жолаушылар тасымалының сапасына және өмір қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Олардан шығатын газ мөлшері рұқсат етілген нормадан асатыны анық. Мұндай жағдайда жолаушылар тасымалының сапасы мен қаупсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады? Осындай күйдегі автобустармен туристерді тасымалдау ұят емес пе?! Бұл көрініс еліміздің беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Біз келген қонақтарға ең жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасағанда ғана елдегі туризмнің дамуына жол ашып, шетелдіктерді тарта аламыз», - деп санайды Балабиев.
Қазақстанда автобус шығаратын зауыттар болса да, олардың жылдық өнім шығару көрсеткіштері өте төмен. Мәселен, былтыр ел аумағындағы 7 зауыт небәрі 3, 2 мың автобус шығарған, ал жалпы автобус паркіндегі жаңа автобустардың үлесі тек 7,4 пайыз.
Депутаттың пікірінше, бұл көрсеткіштер жақын арада автобус паркін қажетті деңгейде жаңартып, ішкі сұранысты қанағаттыра алмайды, импортқа тәуелділіктен арылтпайды.
«Сондай-ақ, бұл салаға мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан инвестиция да жетіспейді. Ал кәсіпкерлерге автобустарды өз қаражатымен сырттан әкелу тиімді емес, өйткені жоғары кедендік баж салығы мен көліктерді қайта өңдеу жинағы импорттық автобустарды өте қымбатқа түсіреді. Тек автобус емес, жеңіл көліктердің кедендік рәсімдері, түрлі алым-салымы жалпы көлік бағасын 2-3 есе өсіріп, қанша жылдан бері көпшіліктің наразылығын тудырып жатқаны жасырын емес», - деп мәлімдеді мәжілісмен.
2014 жылы мемлекет автобус паркін жаңартуды қолға алып, бір жыл мерзімге импорттық автобустарға нөлдік мөлшерлеме енгізген. Алайда кәсіпкерлер жеңілдікті пайдалана бастағанда бұл үдеріс тоқтатылды.
Балабиев отандық автобус паркін жаңарту және ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында басқа мемлекеттерден әкелінетін жаңа автобустарды қайта өңдеу жинағы мен көлікті бастапқы тіркеуден босату шараларын қарастыруды сұрады.