Еріктілер қатарына қосылған танымал әншілер азық-түлік таратып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

 «Біз біргеміз» акциясы әлі 10 күнге жалғасады

Нұр-Сұлтанда «Біз біргеміз» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері мен медициналық маскалар тарату жалғасуда. Республиканың түкпір-түкпірінде аталған шараға отандық танымал әншілер де қатысып, ерікті ретінде жастармен бірге қызмет етуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Қазір еріктілер қатарына елімізге белгілі әншілер, түрлі саланың қызметкерлері мен танымал спортшылар қосылуда. Олар біздің волонтерлармен бірге қораптарға азық-түліктерді салып, шамалары жеткен жұмыстарды атқарып жатыр. Бүгін Нұр-Сұлтандағы 4 ауданда, 300-дей отбасына азық-түлік себеттері мен медициналық маскалар таратамыз.  Қатарымызда 100-ден аса ерікті бар. «Nur Otan» партиясы ұйымдастырып жатқан акция шамамен 10 күнге жалғасады. «Біз біргеміз» акциясы аясында партия жанындағы меценаттардың қаржыландыруымен сатып алынып жатқан дүние», - деді  «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев

Бүгін «Jas Otan» жастар қанатының еріктілер қатарына дәстүрлі әншілер келіп қосылды. Ерлан Рысқалиев пен Ардақ Балажанова жастарға қолғабыс етіп қана қоймай, жұмыс барысында ән шырқап, еріктілердің көңілін бір серпілтті.

«Көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылып жатқаны қуантады. «Nur Otan» партиясы осы акция барысында жастарға көмектесіп, ерікті болуды ұсынған кезде бірден келістім. Мұның бәрі уақытша қиындық қой, бұйыртса бұл күнді де бәріміз бірге еңсеретінімізге сенемін. Бастысы, жұртшылық карантин режимін қатаң сақтаса екен. Үйде отырған ата-аналар балаларына аңыз-ертегілер оқып, пайдалы, тағылымға толы істермен шұғылданса деген тілегім бар»,- деп ағынан жарылды Ардақ Балажанова.

Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалиев «үйде отырғанша, қарапайым халыққа кішкентай да болсын қолғабыс тигізгіміз келді» дейді.

«Коронавирус індеті дүниежүзін жаулап алды. Қиын кезеңде баршамызға жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге көмектесу маңызды. Осы елдің азаматы ретінде қиын жағдайға бей-жай қарамай, өз тарапымнан мұқтаж халыққа азық-түлік таратуға қолғабыс етуді жөн көрдім. Бастысы қауіпсіздік талаптарының бәрін сақталуда.  Медициналық бетпердемізді тағып, қолғабымызды киіп келдік. Біздің ата-бабамыз небір қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген, бұл қиыншылықты да ел болып бірге еңсеретінімізге сенімдімін!»,-деді әнші.

Бауыржан Байбектің айтуынша, бүгінгі таңға дейін «Біз біргеміз» акциясы аясында 4 миллионнан астам адам қаржылай көмек алған.

«Президент осындай күрделі кезеңде ешкімнің назардан тыс қалмай, барша мұқтаж жандарға қолдау көрсетілетінін атап көрсетті. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 4 миллионнан астам адам тікелей қаржылық көмек алып, 570 мыңдай адамға азық-түлік жиынтығы үлестірілген. Жалпы, азық-түлік себетімен 1,1 млн адам қамтылып, 1,6 млн адамның коммуналдық төлемдерінің мерзімі кейінге шегерілетін болады. Мемлекет басшысы осынау қысылтаяң шақта нұротандықтардың, белсенділер мен волонтерлардың атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалады. Жасотандықтар 90 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтығын, антисептик құралдарын жеткізіп берді. Бұған қоса, елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында 100 мың отбасы тегін маскалармен қамтамасыз етілді», - деді ол.

Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры 330 мың мұқтаж отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы қаржылай көмек аударды. Бүгін-ертең тағы да 30 мыңнан астам отбасы осындай көмекпен қамтылады екен.

«Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Birgemiz» қорынан Ұлы Отан соғысының 40 мың қатысушысы мен мүгедегі, сондай-ақ тыл еңбеккерлері 50 мың теңгеден төлемақы алды. 800-ден астам ардагер мен 8 мың тыл еңбеккеріне азық-түлік себеттері мен жеке қорғаныс құралдары жеткізіліп берілді. Ардагерлерімізге қолдау көрсету жұмыстары әрі қарай да жалғаса береді», - деп жазды ол.

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары 24 сәуірде Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған маңызды дүниелерге тоқталды. Ол отырыста коронавирустан кейінгі кезеңде бизнеске, ең алдымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге күш сала отырып, экономиканы сауықтыру шараларын қолға алудың маңыздылығы айтылған еді.

Айта кететіні, жасотандық еріктілер 19-шы наурыздан бастап ТЖ режимінде көмекке зәру көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, антисептикалық құралдар мен медициналық маскалар таратуда. 16 сәуірде  ғана «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Біз біргеміз» акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмекке мұқтаж 2000 отбасыға тегін маска таратылды. Қала тұрғындарына үлестірілген әрбір қораптың ішінде 50 дана медициналық маска бар.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан