Үкімет «пайдасынан зияны көп» сусындарға салық салмайтын болды

Автор: Аубакирова Нургуль

Шенеуніктер қант қосылған сусындарға акциз енгізілсе, өндіріс 26,4 пайызға төмендейді деп есептейді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда құрамында қанты бар сусындар үшін қосымша салық енгізбейтін болды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың депутаттық сауалына берген жауабында мәлім еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысы өз жауабында Ұлттық экономика министрлігі жанындағы экономикалық зерттеулер институты жүргізген талдаудың деректерін келтірген.

«Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілерінің қауымдастығы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қант қосылған сусындарға акциз енгізген жағдайда, сусын өндірісі 26,4 пайызға төмендейді. Осылайша жоғарыдағы тәуекелдерді ескеріп, жаңа Салық кодексінің жобасы аясында қант қосылған сусындарға акциз енгізу жоспарланып отырған жоқ», - делінген Бектеновтің жауабында.

Премьердің жауабынан білгеніміз, бюджетке төленетін қолданыстағы салықтар мен төлемдерді алып тастағанда немесе жаңасын енгізгенде, болмаса, ставкаларын өзгерткенде мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделері теңдей ескерілуі қажет.

Айта кетейік, құрамында қанты бар сусындарға салық салу мәселесі салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобында талқыланған болатын.

Сенат депутаттарының айтуынша, тәтті сусындардың адам денсаулығына пайдасынан зияны көп. Қант қосылған сусындар семіздікке, диабетке, инсульт пен жүрек-қан тамырлары ауруларына себепші болады. Сенаторлар келтірген мәліметке сүйенсек, қазір балабақша мен мектеп жасындағы балалар тәтті сусындарды тұрақты тұтынады, олардың тең жартысы мұндай сусындарды апта сайын ішеді. Тәтті сусындарды күнде ішетін 6-9 жастағы балалардың арасында 16,7 пайызы семіздікке шалдыққан.

Осыған байланысты депутаттар құрамында қанты бар сусындарға бір литріне 100 теңге мөлшерінде акциз енгізуді орынды деп санайтынын мәлімдеген еді.