«Орта Азия елдеріндегі жараны жарды». The Washington Post Бишімбаев ісіне қатысты көлемді мақала арнады

Автор: Темірхан Айжан

Мақала Америка уақытымен кеше, 25  сәуір күні сағат 4:55-де жарыққа шыққан

Фото: The Washington Post сриншот

Америка Құрама Штаттарының астанасы  Вашингтон қаласында шығатын, 1877 жылы негізі қаланған The Washington Post күнделікті газеті Қазақстандағы резонансты процесс – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты туралы көлемді мақала жариялаған. Azattyq Ruhy назарларыңызға мақаланың негізгі тезистерін ұсынады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сот процесінде көрсетілген видеожазбалар қорқынышты болды. Онда сотталушы әйелінің шашынан сүйреп, ұрып-тепкілейді. Бірнеше сағаттан соң жәбірленуші ми жарақатынан қаза тапты.

Қазақстанның бұрынғы экономика министрі, кәсіпкер Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың қаза табуына байланысты өткен сот отырысы Орталық Азия елінің көптен бергі бітеу жарасын жарды. Он мыңдаған адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасын қатаңдатуға шақырған петицияға қол қойды.

11 сәуірде Сенат депутаттары отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қатаңдатылған заңды мақұлдады, ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрт күннен кейін заңға қол қойды. Заң Нүкенованың құрметіне «Салтанат заңы» деп аталып жүр.

Қазақтар Бишімбаев сотын қалт жібермей қарап отыр. 19 миллионнан астам халқы бар елде алғаш рет соттан онлайн трансляция жүргізілген. Әлеуметтік желілерде Бишімбаев сотына байланысты пікірталас басымдық көрсетіп тұр. Мұны Тоқаевтың реформалар жүргізу мен шенеуніктерді жауапкершілікке тарту туралы берген уәдесін орындауы деп бағалап жатқандар бар.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Бишімбаев батыстың білімін алған, Қазақстан билігіндегі жаңа есім ретінде танылды. 44 жастағы Бишімбаев 2018 жылы пара алды деген айыппен 10 жылға қамалды, бірақ 2 жылдан кейін кешірім алып, босап шықты.

31 жастағы Нүкенова қарашада күйеуінің туысы иелік ететін мейрамханадан өлі табылды. Оны азаптап өлтірді деген күйеуі Бишімбаев бірнеше ай бойы кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ өткен сәрсенбіде сотта әйелін ұрып-соққанын, «байқаусызда» оның көз жұмуына себепші болғанын мойындады.

Әуелі Бишімбаевтың адвокаттары Нүкенованың қайтыс болуына басынан қайта-қайта соққы алғаны себеп болды деген медициналық айғақтарға қарсы шыққан. Сонымен бірге, олар Нүкенованы қызғаншақ, ашушаң, өзіне ие бола алмайтын адам ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ сотта көрсетілген мейрамхананың видеожазбаларында оның Бишімбаевты ұруға еш талпынбағанын көруге болады.

Нүкенованың ағасы және жәбірленуші Айтбек Амангелді Associated Press агенттігіне берген пікірінде, қарындасының қасіретті тағдыры тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген қоғамның көзқарасын өзгерткеніне сенетінін айтқан.

«Адамды азаптап жатқанын тікелей көргенде, олардың ойлары әрине, өзгереді», - деді Амангелді сотта көрсетілген азаптау видеоларына сілтей отырып.

«Әрине, маған сотта отырып, қорғаушы тараптың әртүрлі сөздерін есту қиын. Одан да жанға батары, олардың сөздері бүкіл елге тарап жатыр. Бірақ мен бұл жаңалықтардың құқық қорғаушылар мен заңгерлердың сауатын арттыруға арналған материал екенін де түсінемін», - дейді Амангелді.

Қазақстан көршісі Ресей сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылық, жыныстық бопсалау, жұмыс орнындағы теңсіздік сияқты мәселелерді өте баяу шешетін патриахалды қоғам. 2018 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының жүргізген зертеуіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел қайтыс болады. Бұл тек тіркелгендер саны.  2017 жылы Қазақстан ұрып-соғу және денсаулыққа болмашы зақым келтіру әрекеттерін қылмыс санатынан шағарып, тек қысқа мерзімге қамап немесе айыппұл салатын қылды. Сол жылы Ресейде де сондай заң қабылданып, әйелдер құқығын қорғаушылардың бұл ашуына тиген. Биыл Қазақстанның жаңа заңыескі заңның күшін жойып, зорлықшыларға жазаны күшейтіп, қылмыстық кәмелет жасына толмағандарды аңдуға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық түрлерін енгізді.

Нүкенова қайтыс болған соң, бірнеше күн өткенде оның туыстары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді талап еткен «Салтанат заңын» қабылдауды талап етіп, петиция жаряилады. Оған 150 000-нан астам адам қол қойды.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, Бишімбаевтың соты басталған кейін 5 мыңнан астам адам сенаторларға заңды күшейтуді талап етіп, хаттар жолдаған.

Президент Тоқаев әйелдерді зорлық-зорбылықтан қорғау туралы бірнеше рет айтқан. Қаңтар айында Әділет министрлігі Нүкеновалар отбасының өтінішін қараудан бас тартқан соң, шулы іске өзі араласты.

Бишімбаев соты әлі де тартыс тудырып отыр. Қорғаушы тараптың «Нүкенованың өліміне бұрынғы алған жарақаттары себеп болған» деген сот-медициналық сараптама қорытындысын судья Айжан Құлбаева қабылдамағаннан кейін, оны біреулер телефонына хабарласып, қорқыта бастаған. Мұны полиция тергеп жатыр.

Қазақстанда бұл сот аяқталуға жақын. Ал қоғамда сот төрелігі жүйесі мен әйелдер құқығы туралы пікірталастар өршіп тұр. Көптеген адамдар бұл сот процесі елдің көзқарасын мәңгілікке өзгертті деп санайды».