Шымкентте кітапсүйер қауымға арналған салтанатты жиын өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Іс-шара Дүниежүзілік кітап күніне орай ұйымдастырылды

Фото: AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай «КІТАП-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен «MIRAS» аймақтық кеңесі, партия филиалы мен Абай кітапханасы бірлесе отырып салтанатты жиын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының үйлестірушісі Бектаева Жанар Әлібекқызы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Имашев Қайрат Есенбекұлы, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілдігінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Момбек Әбдәкімұлы, өңірімізге белгілі кәсіпкер, «Нар Тәуекел» кітабының авторы Беркімбаев Данияр Амангелдіұлы,  кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері және оқырмандар қатысты.

Мерекелік шара барысында спикерлер «AMANAT» партиясының қазақстандықтардың зияткерлік және шығармашылық капиталын дамыту мақсатында сәтті іске асырып жатқан «КІТАП – AMANAT» жобасы туралы айтып, кітап оқуға шақырды. Сондай-ақ Данияр Беркімбаевтың әлеуметтік өмірге бағытталған «Нар Тәуекел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, оқырмандарға автордың кітаптары табысталды.

Жыл сайын 23 сәуірде бүкіл әлемде аталып өтілетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні - бұл кітап пен оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға арналған мереке. 

1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл күні кітаптар мен авторларға құрмет білдіру туралы шешім қабылдады. Мереке Халықаралық Кітап баспа Ассоциациасының ынтасымен 1969 жылдан тойланып келеді.