$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Шал, кел, біз асығыстық жасаппыз»: депутат Сәрсенбаев пен Нұрқаділовті кім өлтіргенін еске салды

Мәжіліс депутаты су тасқыны кезінде жүріп жатқан «ақпараттық соғысқа» қатысты алаңдайтынын айтты

«Шал, кел, біз асығыстық жасаппыз»: депутат Сәрсенбаев пен Нұрқаділовті кім өлтіргенін еске салды
Фото: parlam.kz

«Шал, кет!» деген ескі ұранды жаңғыртып, «шал, кел, біз асығыстық жасаппыз» деген сөзді жалаулатып, халықты арандатқысы келетіндер бар. Мәжіліс қабырғасында депутат Ермұрат Бапи осылай деп, ел басына күн туғанда ақпараттық соғыстың қаншалықты қауіпті екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазір – ақпараттық ғасыр. Әлемдік үрдіске қарағанда, осындай кезеңде түрлі ақпараттық тартыстардың да етек алатынын көріп отырмыз. Бұл ретте, ақпараттың ақиқаты пен жалғанын айыра білу қажет: «жылтырағанның бәрі алтын емес, айқайлағанның бәрі ақиқат емес». Аттаны көп, ақиқаты жоқ арзан сөзге арандап қалу оп-оңай. Соңғы күндері еліміздегі су тасқынына байланысты әлеуметтік желілерде негізі жоқ желсөзді желдей есіп жүргендер жетерлік. Табиғи апатты пайдаланып, дабылға қиқу қосып кеткендер де бар. Олар «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» керін келтіріп жүр», - деді өз сауалында Бапи.

Оның айтуынша, орын алған апатты жағдайдың ушығып кетуіне себеп болған – жергілікті биліктің қамсыздығы мен дәрменсіздігі, сондықтан, сын айтылатыны сөзсіз.

«Бірақ сын – шын болуы тиіс және ол сын билік пен қоғамдағы қателіктерді түзеуге сеп болғаны жөн. Ол сын қоғамға лаң салып, іріткі тудырмауы тиіс. Дегенмен, көзіқарақты адамға бұл ақпараттық өрттің бір пұшпағын «ескі Қазақстанның» өкілдері үрлеп жүргені байқалады. Олардың мақсаты айқын – елдегі ереуіл жағдайды еселеп, өшпенділікті өршіту және сол арқылы қоғамда тұрақсыздық тудыру», - деді ол.

Ермұрат Бапи атап өткендей, «олар бір жағынан қазіргі мемлекет басшысының беделін түсіріп, халықты жік-жікке бөлуді көздесе, екінші жағынан, 30 жылғы әрекетсіздіктері мен жемқорлығы салдарынан әбден қордаланып, бүгінде орын алып отырған табиғи апаттан өздерін арашалап алғысы келеді».

Яғни, депутаттың айтуынша, жекелеген өңірлерді топансудың басуы, өзендердің арнасына сыймай тасуы – бір күннің, не бір жылдың кінараты емес. Бұл – көктемгі су тасқынына бөлінген қаражаттың 30 жыл бойы талан-таражға түсуінің, апаттың алдын алуға және су қоймаларына арналған бөгеттер мен арналардың салынбауының салдары. Тиісті гидрогеологиялық ғылымды құртып, су шаруашылығы саласын таратып жіберудің зардабы. Қазіргі қолданыстағы су қоймалары мен бөгеттер өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған.

«Мәселен, Тарбағатай мен Зайсандағы мен өз көзіммен көріп қайтқан Қандысу және Үйдене су қоймалары 1960 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Кендірлік өзеніне су қоймасын салу жөнінде 1990 жылы көтерілген жергілікті бастаманы құлаққа қыстырған ескі билік жоқ. Мұндай фактілер басқа аймақтарда да орын алғанын тасқын басқан өңірлерге барып қайтқан депутаттар айтып келді. Елде соңғы 30 жылда бір де бір жаңа су қоймасы салынбаған. Міне, қазір соның зардабын тартып жатырмыз. Жемқорлықты бұйдасыз жіберіп, халықтың қазынасы есебінен шылқып байыған ескі жүйенің тасада отырған жымысқы жемқорлары бұған бүгінгі жаңа буынды кінәлі қылмақ ойлары бар», - деді ол.

Осылай деген депутат елдегі апатты жағдайды пайдаланып, «ескі Қазақстанды» аңсағаг адамдар ақпараттық майданның отына май құя бастады дейді.

«Ескінің» есесін іздегендердің tik-tok желісі, әлеуметтік желілер мен Whatsapp сегментінде таратқан «Тоқаевтың кезінде халық кедейленіп кетті» деген технологиялық пропагандасына қарсы көптеген дерек келтіруге болады. «Сезікті бұрын секіреді» дегендей, ескі Қазақстанның кейбір өкілдері «мұндай ақпаратқа біздің қатысымыз жоқ» деп, ат тонын ала қашып, ақталып бағуда. Егер ақ пен қараны, шындық пен жалғандықты айыру қажет болса, қоғамның «құлағына алтын сырға» ретінде біраз салыстырмалы мысал келтірейін. Тапсырыспен жасалған саяси өлімдер қай биліктің кезінде жасалып еді? Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің атылуына дейін «ДАТ» газетінің журналистері Асхат Шәріпжанов пен Құрманбекті кім өлтіріп кетті? Танымал оппозициялық журналистер Нүри Муфтах пен Батырхан Дәрімбет жолдың шетінде жаяу тұрып, автомобиль аптына қалай тап болды? «Закон и правосудие» газетінің журналисті Оралғайша Омаршанова бір түннің ішінде қалай жоғалып кетті, 2007 жылдан бері оның өлігі неге табылмады?» - деді Бапи.

Депутат, сонымен қатар, қоғамдық-саяси газеттер – «ХХІ век», «Эпоха», «Сөз», «Трибуна», «Республика» және басқалары, тәуелсіз «Максимум» радиосы, «Макс» тәуелсіз телевизиясы жабылғанын, «Таң» телекомпаниясының толқын тарату мұнарасы жарылғанын еске салды.

«30 жылдың ішінде «ДАТ» газетін 11 рет кім жаптырды?! Тәуелсіз интернет-сайттар «Навигатор» мен «Navi.kz» қай Қазақстанның кезінде қудалауға тап болды? Тәуелсіз БАҚ-тардың редакцияларына кімнің билігі кезінде қарақшылық шабуылдар жасалып, дүие-мүлкі өртелді?»- деді сұрақ қойған Ермұрат Бапи.

Осыларды ескерген депутат ел Үкіметіне, Бас прокуратураға ақпараттық кеңістікте тұрақты мониторинг жасап, арандатушылық сипаты бар, заңға қайшы, негізі жоқ фейк ақпараттарды таратудың алдын алу шараларын қолға алуды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары