Қазақстанда әрбір бесінші адам – лудоман
Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания тікелей себеп болып отыр. Себебі, Қазақстанда әрбір бесінші адам – құмар ойынының құрбаны. Бұл туралы AMANAT фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өз баяндамасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
«Ұсынылып отырған заң жобалары қоғамдағы өте өзекті мәселені, яғни ойын бизнесін, лудоманиямен күрес мәселелерін реттеуге арналған. Мұның қарастырылып келе жатқанының өзіне 2 жылға жуық уақыт болды. Кейбір нормаларға реттеушілік талаптар бойынша талдауды жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жыл кетті. Бір атап өтерлігі, заң жобасына Мәжілістегі барлық фракция өкілдері бастамашы болып отыр», - деп бастады сөзін депутат.
Депутаттар бұл заң жобасын Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында бастамашы болып, әзірлеген. Заң жобасы азаматтарды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділікті (лудоманияны) қалыптастырудан қорғау бөлігінде заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
«Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты «клиентіне» айналған», - деді депутат.
Бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелет жасына толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды. Жалпы, өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігетіндердің нақты саны жоқ.
«Екіншіден, отбасы институтын әлсіретуі. Еліміздегі ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақша үшін үш бірдей адамның өмірін қиды», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат атап өткен лудоманияның тағы бір салдары – суицидтің өршуі. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсаса, олардың әрбір бесіншісі лудомания кесірінен осындай қадамға барған.
«Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті. Төртіншіден, қылмыстың етек алуы. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен», - деді ол.
Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобасын әзірлеудегі бесінші себеп - көлеңкелі экономиканың күшеюі.
«Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында мәліметтерге қарап-ақ, Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз», - деді депутат.
Бейсенбаевтың айтуынша, 2 жылға жуық уақыт талқылау өтіп, заң пысықталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет бұл мәселеге ерекше тоқталды.
«Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді», - деген еді Тоқаев.