Түркістан облысында ауыл әкімі жер телімін құжатсыз үлестірген

Автор: Azattyq Rýhy

Салдарынан, құжаты жоқ жер иесі көбейген

Бейнеден кадр

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында жерге қатысты шу шықты. Ауыл әкімі жер телімін жұртқа оңды солды ауызша үлестірген болып шықты. Салдарынан, құжаты жоқ жер иесі көбейген. Енді арты бітпес дауға ұласып барады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

2018 жылы жер телімін алатын тұрғындардың тізіміне алғаш болып жазылған Ержан Досмұратов болатын. Ауыл әкіміне өтінішін жазып, құжаттарын өткізіп те қойған. Бірақ іс тым созылып кетті. Қазір өзі де сырқаттанып, төсек тартып жатыр.

Жер телімін алудан дәмелі Ержан Досмұратовтан өзге ауыл тұрғындары қазір осылай төбе басына жиналып, өзара қызылкеңірдек болумен келеді. Әрқайсысының көкейінде қалауына қарай иемденіп алған өз жері бар.

Ауыл әкімі рұқсат берген деген бір ауыз сөзді негіз етіп, жұрттың алды бос жатқан жерді  қоршап алып жатыр. Оның нақты өлшемін ешкім де білмейді. Әркім қалауынша қазық қағып алған. Ал ең сорақысы мына жерге жол төселеді, ал мына аумаққа инфрақұрылым желісі тартылады деген жоспар да жасалмаған.

Әзірге бұл аймақтан 17 адам жер аламақ ниетте. Бірақ ешбірі жер кезегіне тұрмаған. Өйткені мұндай тізімнің өзі жоқ.

Ал әкімге сенімі жоғалғандар берген ақшаларын даулай бастады. Айтуларынша, оның орынбасарына кезінде 60 мыңнан бастап 100 мыңға дейін ақша берген.

Әкім орынбасары елдің айыптауын жоққа шығара алмады.

 «Бүгінгі таңға дейін мәслихатпен бекіттіріп, елді мекен шегін кеңейтіп бәрі былайша айтқанда бір ТОО ұтып алып, тендермен істелетін жұмыстар. Ұзақ процесс болғаны да сол бұл жерде», - дейді Жаңабазар ауыл округінің әкімі Асқар Ақжолов.

Әкімнің айтуынша, бас жоспар жасалып, қазір елді мекенді геопорталға енгізу жұмысы жүріп жатыр. Жер телімін бөлу енді басталмақ. Сондай-ақ қазынадан бөлінген 216 миллион теңгеге электр бағаналары мен трансформатор орнату ісі де биыл қолға алынады.