Карантин кезінде пітір садақаны қалай төлеуге болады?
Әр азамат мешіт есепшотына пітір садақасын онлайн режимде аудара алады

Төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында берілетін пітір садақа мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болады, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Елордада бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен онлайн өткен төралқа мәжілісінде осындай шешім қабылданды.
«ҚМДБ және банк басшылығы арасында жасалған келісімге сәйкес, бұл жоба қасиетті Рамазан айында жүзеге аспақ. Бүгінде ортақ жобаның қосымша жұмыстары қалды. Жұмыс толық аяқталған соң, жақын күндерде онлайн садақа беру жобасы іске қосылады. Бұл туралы қосымша хабарланады», - деп жазылған хабарламада.
Мобильді қосымшаға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізіледі. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады.
Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді.