Көктемге апаратын пойыз: Бейжіңдегі шетелдік қыздардың бір күні

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар сапар барысында бірнеше нысанға барды

Фото: Azattyq Ruhy

Бейжіңдегі көктемнің ең әсірлі әрі көркем кезеңінің бірі – ағаштардың гүлдеуі. Осы сәтті тамашалау үшін Қытай астанасындағы шетелдік арулар бас қосты. Бұл іс-шараның басы қасында Azattyq Ruhy тілшісі де болды.

Бейжіңдегі «Көктемге апаратын пойыз» желісі қала сыртындағы аймақтарға жеткізеді. Қала маңындағы алғашқы желі 2008 жылдың тамыз айында салынған. 108,3 шақырымды құрайтын желіде 6 станция бар. Хуантудянь - станциясы пойыздың ең соңғы аядамасы.

Бейжіңдегі шетелдік журналистер мен өзге елдің дипломатиялық миссиясының қыз-келіншектері көктемді мерекелеу үшін осы пойызбен жолға шықты.

Пойыз таулар мен жоталардың арасынан баяу жүріп өтіп, айналадағы табиғат көріністерін тамашалауға ерекше жағдай жасайды. S2 желісінің орташа жылдамдығы сағатына небәрі 50 шақырымды құрайды. Пойыздағы қызмет көрсету де ерекше көңіл күй сыйлайды.

Іс-шараға қатысушы қыз-келіншектер желінің терминалдық станциясы Яньцин станциясына тоқтады.

Қазір Қытайда ағаштардың гүлдейтін кезеңі. Ол жыл сайын наурыздың ортасынан сәуірдің аяғына дейін созылады. Ал гүлдену кезеңі әдетте шамамен 15 күн.

Пойызбен делегация Бейжіңнің Экспо паркіне барды. Ол қала орталығынан 74 шақырым жерде орналасқан. Саябақ Хайтуо Тауына және 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының Яньцин жарыс аймағының құрамына кіреді.

Саябақ 503 гектар аумақты алып жатыр. 162 күндік көрмеге 110 елден және халықаралық ұйымдардан 120-дан астам бейресми экспоненттер, соның ішінде Қытайдың Гонконг, Макао және Тайвань сияқты 31 провинциясы, автономиялық аудандары мен муниципалитеттері қатысқан. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен 9,34 миллион туристті қабылдаған. Келушілерді арнайы ұлттық және айдаһар стилінде өнер көрсеткен бишілер қарсы алды.

Сондай-ақ сапар барысында Қытайдың ұлттық стиліндегі сән әлемінің туындылары көрсетілді. Ашық аспан астында жаңбыр жауса да, сән көрсетілімі тоқтаған жоқ.

Қазіргі заманға сай етіп тігілген киім-кешекте дизайнерлер қытайдың өзіндік стилін көрсете білген.

Жалпы, бұл сапарға кемі 5 күннің бағдарламасы сыйды деуге болады. Қыз-келіншектер сапардың өте қызықты, жан-жақты болғанын айтады. 

Сондай-ақ, сапарға қатысқандардың көбі, соның ішінде өзім де қытайдың «ханьфу» деп аталатын ұлттық киімін киіп көрдік. Таза жібектен тігілген ханьфу үш детальдан тұрады. Киімнің ішінде көйлек, сыртынан ұзын жеңді шапаны бар. Бұл ұлттық киімнің тек бір түрі ғана.

Қыз-келіншектер сондай-ақ «Сюэ Фэйян» ұлттық тау шаңғысы орталығына барды. Бейжіңдегі Яньцин Олимпиадалық саябағы-Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарына арналған ең күрделі, бірақ аз уақыт ішінде салынған жарыс алаңы. Ол негізінен үш негізгі алаңды қамтиды: Ұлттық Тау Шаңғысы Орталығы (Сюэ Фэйян), Ұлттық Сырғанау Орталығы (Сюэ Юлун) және Яньцин Қысқы Олимпиадалық ауылы.

Еске сала кетсек, Бейжің-2022 Олимпиадасы 4 ақпан мен 16 ақпан аралығында өткен болатын. Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен барлығы 109 медаль сарапқа салынады. Жарысқа әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы Бейжің Олимпиадасын жүлдесіз аяқтаған еді.

Қысқы Олимпиада кезеңінде Бейжіңде қалың қар жаумай, жасанды қар төселген еді. Бүгінде аталған тау шаңғысы орталағында қысқы кезеңде жасанды қар төселіп, адамдар шаңғы тебеді.

«Сюэ Фэйян» Қытайдағы Олимпиадалық стандарттарға сай келетін жалғыз тау шаңғысы курорты.

Сонымен қатар журналистер мен делегация «Snow Mountain» кафесіндегі көріністі тамашалады. Ол Қысқы Олимпиада Саябағындағы ең биік ғимарат қана емес, сонымен қатар Бейжіңдегі ең биік нүкте.

Кафе орналасқан Сяохайтуо Таулы аймағының жалпы құрылыс алаңы шамамен 7000 шаршы метрді құрайды, шығыс және батыс екі қанатқа бөлінген, ландшафттың ерекше көрінісі бар. Тау шыңындағы көрініс ақша бұлттардың арасында жүргендей әсер қалдырды.

Бейжіңдегі тек қыздар жиналған мерекеде Қытайдың сыртқы істер министрінің көмекшісі Хуа Чунинг әр елден жиналған қыз-келіншектерге жылы лебізін білдірді.

«Қытайда түрлі қызметпен жүрген нәзік күш өкілдерін көктемнің ерекше кезеңін бірге тамашалаймыз деп шешкен едік. Бұл идея сіздердің көңілдеріңізден толық шықты деп ойлаймыз. Бұл іс-шара сіздерге әдемі әсер мен жақсы көңіл-күй сыйлады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді ол.